ТҮРКІСТАН: Садриддин Ахметов туған жерінде бокс мектебін ашты

0
550

Садриддин Ахметов жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы.


ТҮРКІСТАН: Садриддин Ахметов туған жерінде бокс мектебін ашты

Садриддин Ахметов туған жері Жетісай қаласында бокс мектебін ашты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойы аясында әуесқой бокстан Қазақстан Республикасының жеңімпазы, кәсіпқой бокстан жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған жерлесіміз Садриддин Ахметов туған жері Жетісай қаласында бокс мектебін ашты. Спорт ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мұрат Болатұлы, чемпионның әкесі Әлімхан Ахметов пен Садриддин Ахметов, Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев пен спорт сүйер Садриддиннің жанкүйерлері қатысты. құттықтау сөз сөйледі.


«Бүгін ашылып жатқан бокс мектебі аудан жастарына үлкен сый болды деп айтуға негіз бар. Оның үстіне мектептің ашылу салтанатына Садриддин Ахметовтың өзінің келуі жас ұрпаққа қанаттандырып, алдарына мақсат қоя білулеріне ықпал етіп отыр. Алдағы уақытта осы мектептен бокс әлеміне талай жетісайлық жас түлеп ұшып, елдің атын әлемдік деңгейде паш ететініне сенімдімін»,- деген аудан әкімі жас боксшыларға сәттілік тіледі.


Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын қос қабатты спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдердің бокспен айналысуларына қажетті барлық жағдай жасалып, заманауи құралдармен жабдықталған. Бір мезетте 50 адам жаттыға алатын залда алдағы уақытта республикалық, халықаралық турнирлер өткізуге де мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, боксты жаңадан бастаушылар мен орта деңгейлі, кәсіпқой деңгейдегі боксшыларға да шұғылдануға мүмкіндіктер қарастырылған.


«Ең алдымен мені қолдап келген барша жерлестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Бала кездегі арманымның бірі туған елде балалар мен жасөспірімдерге барлық жағдайы жасалған бокс мектебін ашу болатын. Негізгі мақсатымыз – осы спорт залда жаттығып, Жетісайдың атын Қазақстанға, күллі әлемге танымал ететін чемпиондар шағару, спортпен тұрақты түрде шұғылдануға және дене шынықтыруға қолайлы жағдайлар жасау, тұрғындар арасында салауатты және белсенді өмір салтын насихаттау, адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту», - дейді әлем чемпионы Садриддин Ахметовтың өзі.


Кеш барысында жастар арасында тұңғыш әлем чемпионы атанған Садриддин Ахметовке жерлестері мен туған-туыстары қазақы салтпен ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапты. Әлемдік деңгейдегі жас чемпион да қарап қалмай жетісайлық өрендерге тәжірибелік сағатын өтіп, бокста жеңіске жетудің негізгі қағидаларын түсіндірді. Сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңесін айтты.


Айта кетейік, шараның жоғары деңгейде өтуіне Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ де атсалысты.