ТҮРКІСТАН: Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарға жеңілдік беріледі

0
775

Түркістан облысына коронавируспен күрес шараларына 8,6 млрд теңге бөлінді.


ТҮРКІСТАН: Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарға жеңілдік беріледі

Түркістан облысында сақтандыру мәртебесі жоқтадамдарға жеңілдік берілетін болды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысына коронавируспен күрес шараларына 8,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, стационарларда емделуге - 2,5 млрд. теңге, ПЦР-диагностикаға – 139 млн. теңгеге келісім шарт жасалған. Сондай-ақ, Республикалық бюджет қаражатынан үстемақы төлеу үшін Медициналық сақтандыру қорына 5.9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, пандемия кезінде барлық қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салған жарнасының аздығына қарамастан сақтандырылған болып саналған.

«Мұндай мүмкіндік төтенше жағдай кезінде халықты қолдау мақсатында, сондай-ақ жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын сезінуі үшін берілді. Алайда, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап кейбір пациенттер медициналық мекемелерге жүгінген кезде олардың МӘМС жүйесіндегі қызметтерге қол жетімділігі жоқ екенін анықтады. Мұндай азаматтар өтіп кеткен айлар үшін қарызын өтеуі керек», – деп түсіндірді Қор филиалының директоры.

Жалпы төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған жалдамалы қызметкерлердің сақтандыру мәртебесінің жоқтығы туралы мәселе елде бірнеше рет көтерілген. Осыған байланысты Үкімет тиісті азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдап, қор оларға автоматты түрде сақтандыру статусын берген.

Сонымен қатар, Қор филиалының директоры азаматтардың қандай санаттары МӘМС жүйесінде қалатынын нақтылап берді. Мәселен, соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар және соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар жаңа жүйенің қызметін пайдалана алады.

Сондай-ақ, мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар да МӘМС жүйесіне қайтарылады.

Осы аталған санаттарға 27 тамыздан бастап автоматты түрде сақтандыру мәртебесі беріліп отыр. Осылайша, пандемия кезінде табысын жоғалтқан адамдар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті толық көлемде алу құқығына ие болды.