ТҮРКІСТАН: Сауран ауданында 3000 орындық мешіттің қазығы қағылды

0
562

Келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Сауран ауданында 3000 орындық мешіттің қазығы қағылды

Сауран ауданы Қарашық ауыл округінде 3 мың орындық мешіттің қазығы қағылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған мешіт құрылысын «Шерхан Мұртаза» қайырымдылық қоры қолға алып отыр. Сауабы мол шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев арнайы қатысты. Сондай-ақ, ауданның зиялы қауым өкілдері мен мешіт имамдары болды.


Мешіттің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, мешіттің айналасында рухани орталық болады. Онда келген қонақтар демалып, діни сауатын ашуға барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар, мешіт айналасына абаттандыру жұмыстары жүрмек.


Бас мүфти мешіттер халыққа рухани орда ретінде қызмет ету керектігін атап өтті. Ал аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы бой көтергелі отырған мешіт имандылықтың темірқазығына айналуына тілектес екенін жеткізді.


«Аллаға шүкір, тәуелсіздік алған 30 жылдан аса уақыт ішінде елдің еңсесі тіктеліп, рухани құндылығымыз қайта оралды. Мешіттеріміз азан шақырып, бабаларымыздың арманы орындалды. Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені. Абай атамыз «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дейді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді тағы бір өсиетінде. Міне, осындай тәлім мен тәрбиеге негізделген орда құтты болсын! Құлшылық үйінің ашылуына мұрындық болған, көмектескен азаматтарға Алла разы болсын! Бүгін осынау алаңда балалар мен жасөсіпірімдерге арналған спорт алаңқайының да құрылысы басталып жатыр. Дінімізде спортпен шұғылданудың, денсаулыққа мән берудің жөні бөлек. Жүгіру, жүзу, ат спорты, мергендікке баулуда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерді табандылық танытып, күшті болуға шақырды», - деді Бас мүфти.


Қарашық ауылында салынатын жаңа мешіт аумағында және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт және демалыс алаңдары, сондай-ақ аллея орны бар. Нысан аумағы - 3,5 га.


Жалпы Қарашық ауыл округінде 2 мешіт, 8 намазхана ел игілігіне қызмет етіп келген. Аталған мешіт аудан бойынша ең үлкені болғалы тұр.