ТҮРКІСТАН: Шардаралықтарға инвестициялық жобаларды көбейту тапсырылды

0
445

Облыс әкімі кемшіліктерді уақтылы қалпына келтіріп, жоспарларды жүйелеуді тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Шардаралықтарға инвестициялық жобаларды көбейту тапсырылды

Дархан Сатыбалды Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен отырыс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен отырыс өткізді. Мәжілісте Шардара ауданың экономикасын көтеру жолдары талқыланды. Өткен жылы ауданды дамыту бағытында атқарылған жемісті жұмыстар мен кездескен кемшіліктер сараланды. Облыс әкімі кемшіліктерді уақтылы қалпына келтіріп, жоспарларды жүйелеуді тапсырды.


«Ауданда суармалы жер бар. Орналасқан жері де кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай жатырсыздар. Терең ойланып, аянбау жұмыс істеу керек. Облыстың бағытын білесіздер. Ол – өндіріс орындарының санын арттыру. Жол, әлеуметтік нысандар салына береді. Ол міндет орындалуда. Бірақ кәсіпкерлік, өндіріс дамыса ғана жұмыс орындары ашылып, ел дамуы тұрақты болады. Ауданға инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жағажай туризмін дамыту, ауыл шаруашылығы саласын көтеру бағытында жұмысты күшейтіңіздер. Балық, тауық шаруашылығын да дамыту қажет. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен дос болып, үнемі байланыста жүріп, қолдау көрсеткен жөн. Жұмыс орындарын ашу үшін осы бағытта жұмысты күшейту керек», – деген Дархан Сатыбалды жолдарды сапалы жөндеу, білім саласындағы былықтарды жою, денсаулық сақтау саласындағы жұмысты жүйелеу жөнінде тапсырма берді.


Актив отырысында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ауданда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі туралы баяндады.


Ауданда бірқатар салада индикаторлар орындалмаған. Өзіндік кірісті арттыру, жеңіл өнеркәсіпті дамытуда көрсеткіш төмен.


Жиында Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басшыларға Шардара ауданының экономикасын дамыту жөнінде жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындауға уақыт берді. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.