ТҮРКІСТАН: Созақта 1834 балаға мектепке қажет заттар табысталды

0
668

975 балаға мемлекет тарапынан 40 мың теңгеден 39 млн. 552 мың 825 теңге аударылды.


ТҮРКІСТАН: Созақта 1834 балаға мектепке қажет заттар табысталды

Созақта 1834 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясына бюджеттік мекемелер, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер белсене атсалысты. Аталған акция аясында бюджеттік мекемелер тарапынан 122 бала, қосымша демеушілер есебінен 737 бала, жалпы 859 балаға 26 млн. 197 мың теңгеге оқу құралдары мен мектеп формалары, аяқ киімдері және сөмкелер табысталды.


Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 975 баласына мемлекет тарапынан 40 мың теңгеден 39 млн. 552 мың 825 теңге жеке шоттарына аударылды. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінде 1-қыркүйек білім күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада баяндады.


Мектеп ұжымы мен оқушыларды білім күні мерекесімен құттықтап, ауданда білім саласының әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған жобаларға тоқталып өтті.


«Бүгінде әлемдік өркениетке бет алған еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы саланың жандануына ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын заманауи үлгіде мектеп пен балабақшалар тұрғызылып, оқу-тәрбие мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл бағыт бойынша ауданымызда да тиісті жұмыстар жандануда. Биыл аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылысы басталып, Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті жабдықтармен толықтай қамтылды. Мұның бәрі білім саласына жасалып жатқан қамқорлық екенін айтып өтуіміз керек»,– деді аудан басшысы.


1 сыныпқа баратын мектеп оқушылары, алғашқы қоңырау соғып, мектеп табылдырығын аттады. Аудан басшысы оқушылардың алғашқы сабағына қатысып, оларға сәттілік тіледі.


Жалпы биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 1507 бала қабылданып, жалпы 15279 бала мектепте білім алады. 1-4 сынып аралығындағы 5965 оқушы толықтай ыстық тамақпен қамтылады.