ТҮРКІСТАН: Созақтағы жаңартылған «Суындық» каналы пайдалануға берілді

0
573

Енді суармалы жер көлемі артатын болады.


ТҮРКІСТАН: Созақтағы жаңартылған «Суындық» каналы пайдалануға берілді

Өткен жылы Созақтағы«Суындық» каналының құрылыс жұмысы басталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылы округі аумағында орналасқан «Суындық» каналының құрылыс жұмысы өткен жылы басталған. Міне, биыл желтоқсан айында аяқталып отыр. Егін маусымы басталғанда шаруалар қайта қалпына келтірілген канал суын пайдаланып, суармалы жер көлемі артатын болады.


Облыстық коммуналдық меншіктегі «Тұран су» МКК теңгеріміндегі «Суындық» каналы 1975 жылы салынған. Ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Канал бойындағы науа (лоток) тесіліп, су жеткізу мүмкіндігі төмендеген. 2019 жылы аудан әкімі Салыхан Полатовтың тапсырмасымен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов «Суындық» каналына бекітілген суармалы жерден жалға жер алған шаруалармен бірге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының қабылдауына болды.


Қабылдау барысында шаруалар каналды күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне байланысты ұсыныстарын жеткізді. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов шаруалар өтінішін ескере отырып, каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілетінін жеткізді. Нәтижесінде «Суындық» каналын қалпына келтіру облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан қолға алынып, жобалық-сметалық құжаттары жасалынды.


Каналды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 294 миллион теңге қаралып, канал толығымен қалпына келтірілді. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында 3704 науа (лоток) ауыстырылды. Жоба бойынша каналдан 7 су бөлу шлюзін қою белгілінген, алайда шаруалардың өтініштерін ескеріліп, ол 13 жерге қойылды.


Қазігі таңда «Суындық» каналы толық калпына келтірілді. Енді 470 гектар суармалы егістікке ағын су жеткізу жақсарып, 600 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады деп күтіліп отыр.