ТҮРКІСТАН: Су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің жол картасы әзірленді

0
391

Бірлесе, тығыз байланыста жұмыс істеуге уағдаласты.


ТҮРКІСТАН: Су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің жол картасы әзірленді

Түркістан облысында су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің жол картасы әзірленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды министрмен кездесіп, ағын су және ауыз су мәселелерін шешу бағытындағы жоспарларды саралады. Бірлесе, тығыз байланыста жұмыс істеуге уағдаласты.


«Түркістан өңіріне қош келдіңіз. Өзіңіз білесіз, аймақта ауыз су және ағын су мәселесі өзекті. Облыс тұрғындарының 90 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан диқандарға қажетті ағын су мәселелерін шешу күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімдімін», – деді Дархан Сатыбалды.


Су ресурстары және ирригация министрі үш күн бойы Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары мен Түркістан және Арыс қалаларындағы су нысандарына барады. Жағдайын бақылап, тиісті шешімдер қабылдамақ.


«Еліміздің оңтүстік облыстарында ағын суды тиімді әрі үнемдеп пайдалану маңызды болып тұр. Су нысандарын жөндеу, каналдарды тазалау да өзекті. Түркістан өңірінде ауыз су бойынша мәселе бар. Оны кезең-кезеңімен бірлесе шешуіміз керек. Жүйелі жұмыс атқарылады. Министрлік тарапынан қолдау көрсетіледі», – деді Нұржан Нұржігітов.


Министрге Түркістан облысында су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің 2023-2030 жылдарға арналған Жол картасы таныстырылды. Егер бұл жоспарға республикалық бюджеттен қолдау көрсетілсе, 3 жаңа су қойма салынып, 17 су қоймасы жөнделеді. Жаңадан 120,3 млн. м3 ағын су жеткізіледі. 12,2 мың гектар жаңа суармалы жер іске қосылып, 250 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 250 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Каналдар, қашыртқылар, ауыз су құбырлары жөнделмек. Жол картасына жалпы 58 жоба енгізілген.