ТҮРКІСТАН: Сырдарияға батып кеткен 8 адамның денесі табылды

0
563

Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жұмыстары жалғасуда.


ТҮРКІСТАН: Сырдарияға батып кеткен 8 адамның денесі табылды

Отырар ауданы, Сырдария өзенінің жағасына бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


21 тамыз күні Отырар ауданы, Сырдария өзенінің жағасына бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Тұрғындардан адамдардың суға батқаны туралы хабарлама кешкі сағат 18-дер шамасында келіп түсті. Шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ы ересектер.


Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кірісті.


Өкінішке қарай, 8 адамның денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жұмыстары жалғасуда. Іздестіру шараларына жалпы 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылды.


Мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған жерде болып, нұсқаулықтар жүргізді. Қайғы жамылған әулеттің үйіне барып, көңіл айтты. Тиісті көмектер ұйымдастырылатын болады.


Құтқарушылар мен еріктілер тұрғындарға жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтындығы жайлы жан-жақты ескертулер жүргізген. Анықталғандай, мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда, рұқсат етілмеген орында шомылудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары осындай жағдайға ұласып отыр.