ТҮРКІСТАН: Табиғат қорғаушылары мен орманшылар саны артты

0
913

2018 жылы 707 болса, 2021 жылы 1332-ге жеткен.


ТҮРКІСТАН: Табиғат қорғаушылары мен орманшылар саны артты

Түркістанда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Түркістанда мәжіліс өтті. Оған табиғат жанашырлары мен осы салаға жауапты мекеме басшылары мен өкілдері қатысты. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев төрағалық етті.


Мәжілісте «Caviar House & Prunier Group SA» және «Swiss Choice Holding SA» швейцариялық компанияларымен бірлесе атқарылатын бекіре және албырт балық түрлерін өсіру жөніндегі инвестициялық жобалар таныстырылды. Ол туралы «Арал-Сырдария» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев баяндама жасады. Орман шаруашылығы саласын дамыту бағыты туралы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің есебі тыңдалды. Сонымен бірге жиында облыс аумағында аңшылық шаруашылық алқаптарын бекітіп беру және аңшылық шаруашылғын дамыту жоспарларын әзірлеу, дүниежүзілік қуаңшылықтан сақтану мақсатында орман, дала өрттерінің алдын алу мен болдырмау шаралары да талқыланды.


Бүгінде Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 миллион гектардан астам мемлекеттік орман қоры жері бекітілген. Орман шаруашылығы мекемелерінің негізгі міндеті – мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, қорғау және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.


Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылғандай, республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында мемлекеттік орман қоры алқаптарына 2 млрд. түп ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Жолдауда берілген тапсырманы іске асыру үшін облыс әкімдігі кешенді жоспар қабылдап, алдағы 5 жылда 132 мың гектар аумаққа 217 миллион, оның ішінде басқармаға қарасты мекемелермен 110 мың гектар жерге 170 млн. түп орман дақылдарын егу қолға алынып, атқарылуда. 2021 жылы орман қорының 15120 гектар аумағына 23 мың данаға жуық әр түрлі ағаш көшеттері егілді. 2022 жылы 16 мың гектар аумаққа 23 миллионнан аса көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекемелердің тұқымбақтарында 30-35 млн. түп көшет өндіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңға барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда.


Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктері соңғы 2 жылда 2 есеге жуық ұлғайды. Орман шаруашылығы мекемелерінде жұмыс істеушілер саны 2018 жылы 707 болса, 2021 жылы 1332-ге жетіп, өсім 88,4 пайызды құрады. Техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі күнде 443 данаға жетіп, 44,8 пайызға өсті. 2021 жылы Созақ орман шаруашылығы мекемесіне 2 қабатты әкімшілік ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік орман қоры аумақтарында орман күзеті қызметкерлерімен сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.


Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық ахуалын тұрақтандыру, «Жетікөл» көлдер жүйесінде суды тиімді пайдалану мен тұрғындардың демалыс аумағына айналдыру мақсатында 43 шақырымнан аса бөгет салынды. Бүгінде, «Жетікөл» көлдер жүйесінде 300 млн. текше метр су қоры жинақталса, келешекте 500 млн. текше метр су жинау жоспарлануда. Аумақтағы флора мен фауналар тұрақты қорғауға алынып, жұмыстар жалғасуда.


Облыс аумағындағы балық шаруашылығын дамытуға жарамды су айдындарына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары бекітілді.


Жиында орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен мекеме басшыларының облыстың экологиясын одан әрі жақсарту мақсатындағы ұсыныстары тыңдалып, бірқатар орман шаруашылығы саласының ардагерлері марапатталды.