ТҮРКІСТАН: Жалдамалы қойшы біреудің 400-ге жуық қойын сатып жіберген

0
2 087

Келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 16 миллион теңгені құрап отыр.


ТҮРКІСТАН: Жалдамалы қойшы біреудің 400-ге жуық қойын сатып жіберген

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері бөтеннің мүлкін жұмсап жүрген күдікті ер-азаматты тұтқындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ағымдағы жыл басында Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жалдап отырған қойшысының сеніп тапсырылған мүлкін жұмсап жүргендігі туралы арызданады. Аталмыш жайт ҚР ҚК-нің 189 «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен СДТТБТ-не тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер қойшы болып жүрген Шардара ауданының жергілікті тұрғынын құрықтайды.

Полицейлердің анықтауы бойынша, жәбірленуші аталмыш қойшыға 360 бас қойын бағып көбейту мақсатында сеніп тапсырған. Алайда, үш жыл ішінде күдікті өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жұмсап, сатып жіберген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 16 миллион теңгені құрап отыр.
Қазіргі таңда бөтеннің мүлкін иемдену мен талан-таражға салу жайты бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде мал иелеріне қойшы жалдауда өз мүліктерінің сақталуын қадағалап және де бақылауда ұстау керектігін ескертеді. Төрт түлікті көз таныс адамға сеніп тапсырмауға және алыс жайылымға қараусыз жібермеу керектігін айтады. Мал ұстайтын қора жайларды жақсылап бекітіп, малдарға арнайы ен салып қою керек.
Егерде сіз қандай да бір бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарласыңыз.

Дереккөз: Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі