ТҮРКІСТАН: Жетісай драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті

0
352

Келген қонақтар 55 жылдық тарихы бар өнер ордасында сахналанған қойылым жайлы ойын айтып, театр ұжымына сәттілік тіледі.


ТҮРКІСТАН: Жетісай драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті

Жетісай драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. «Құдайы қонақ» комедиясының премьерасына Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының директоры Арман Алиев, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.


Келген қонақтар 55 жылдық тарихы бар өнер ордасында сахналанған қойылым жайлы ойын айтып, театр ұжымына сәттілік тіледі. Комедия авторы және қоюшы режиссері Ғалымжан Қаппаров:


«Бүгінгі күні салт-дәстүрді тәрк етіп, байлықтың буына бөгіп есерленген замандастар ортамызда жоқ емес, бар. Оны күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, біліп, айналамыздан да көріп жүрміз. Дертке айналған осындай жағдайларды комедия тілімен берсем деп едім. Сірә, ойымнан шыққан сияқтымын. Бағасын қалың көрермен береді» - деді.


Туындыдағы барлық оқиға өмірден алынған. Кейіпкерлер пендешілігімен, аңғалдығымен екі езуге күлкі ұялатады. Бірнеше құрсақ көтерген ананың бар перзенті де қыз балалар. Сондықтан жалғызбасты ана бар жиған-тергенін енді күйеу балаларының тіршілігіне арнайды. Ниеті қабыл боп, қолы байлыққа молынан жетеді. Бір күні ене күйеулерін сынамақ ниетте оларға туған күніне арнайы дастарқан жайдырады. Барлық сыр мол дастарқан үстінде ашылады. Пендешілікке ұрынған, байлыққа мырыққан, салт-дәстүрді ұмытқан, өмірде дөңес күйеу балалары сан қырлы «өнерлерін» дастарқаннан дәм татқан соң жарқырата ашады. Сырт көзге күйеулердің қылықтары күлкілі көрінгенімен, біз ұлт алдында жауапты емеспіз бе, осылай істеуге бола ма дегендей ой салады. Театр әртістері осыны жеткізуге тырысып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Суретшісі Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Бақыт Сраилов, режиссердің ассистенті, Мәдениет саласының үздігі Бақытжан Қаппаров, балетмейстер Қарлығаш Букеева. Театр директоры – Орал Камал. Рөлдерде ойнаған әртістер Қазыбек Әуелбек, Бауыржан Бәкіров, Ғалымжан Қаппаров, Абылайхан Қыдырәлиев, Бахыткүл Қалдарбекова, Қылышбек Қасымбеков.