ТҮРКІСТАН: «Жетісай» футбол клубы ел чемпионы атанды

0
1 436

Командалар қақпасына 40 гол соғып, 26 голды жіберіп алған.


ТҮРКІСТАН: «Жетісай» футбол клубы ел чемпионы атанды

ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы әкімдігінің қолдауымен биылғы жылдың басында құрылған «Жетісай» футбол клубының ойыншылары футболдан ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігін тәмамдады. Өз алаңында көршілес Мақтаарал ауданының теңбіл доп шеберлерін қабылдаған жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Келесі кезеңде жетісайлық клуб І лигада ойнайтын болады.


Турнир кестесінде өткізген 18 ойынның 12-інде жеңіске жетіп, 3 кездесуде жеңіліс тапқан, тағы 3 кездесуде тең түскен «Жетісай» командасының ойынына аудан әкімі Серік Мамытов пен ережесіз жекпе-жектен «One Silat» және «Alash Pride» тұжырымының чемпионы Қаршыға Дәуітбек, «Alash Pride» тұжырымының чемпиондары Бағдос Олжабай мен Рүстем Құдайбергенов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысып, жанкүйерлік жасады.


Негізгі құрамы 26 ойыншыдан тұратын команда 18 кездесуде қарсылас командалардың қақпасына 40 гол соғып, 26 голды жіберіп алған. Десек те, еңбек пен дайындық өз нәтижесін беріп 39 ұпаймен көш бастады. ІІ орында 37 ұпаймен «Қайсар» клубы жалғаса, үштікті 32 ұпаймен «Іле-Сәулет» командасы қорытындылап отыр.


Айта кетейік, «OLIMPBET» – Қазақстан чемпионатының Екінші лига клубтары арасындағы ойындарға қатысып, «Түркістан», «Тұран» және «Хан тенгри» клубтарымен ойын өткізген жетісайлық клуб «Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы» қауымдастығы» ЗТБ, «Түркістан облысы футбол федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі, Қазақстанның футбол федерациясы Лицензиялау департаменті лицензиясының иегері.