ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Jetisai plaza» сауда-демалыс орталығы салынады

0
1 295

Құны 8,5 млрд теңгені құрайды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Jetisai plaza» сауда-демалыс орталығы салынады

Жетісай ауданында құны 8,5 млрд теңгені құрайтын «Jetisai plaza» сауда-демалыс орталығы салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы ауданға ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті «CITY DEVELOPMENT» ЖШС басшысы Нұрмағамбетов Ерлан Әлқуатұлымен кездесті. Кездесу барысында қос тарап құны 8,5 млрд теңгені құрайтын «JETISAI PLAZA» жобасын талқылады. Француз архитекторы Марио Бартилланың қос өабатты бұл жобасы 25 200 шаршы метр аумаққа орналасатын болады. 1300-ге тарта азаматты тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. 1000 автотұрағы бар сауда-демалыс орталығының жанынан заманауи аквапарк пен 14 тұрғын үй, балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары салынатын болады.


Бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде 20-дан астам ірі сауда-демалыс орталықтарын салған «CITY DEVELOPMENT» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың мамырында бастап, 8 айда елдің игілігіне тапсырмақ.


«Бұл жобаның жүзеге асуы біз үшін өте тиімді болмақ. Біріншіден, 1300-ге тарта тұрғын тұрақты жұмысқа орналасса, екіншіден кәсіпкерлеріміздің арасында бәсекеге қабілетті орта қалыптасады. Үшіншіден, жергілікті бюджетке қомақты салық түседі. Тұрғындардың бос уақыттарын көңілді өткізулеріне жағдай жасалады. Төленген салықтардың есебінен жолдарымызды жаңалап, ауыз суымызды жүргіземіз. Елдің игілігіне жұмсаймыз. Біз жаңашылдықтан, қоғам сұранысынан қалыс қалмауымыз керек», - деді аудан басшысы.


Сауда-демалыс орталығында кинотеатр мен балаларға арналған ойын орталықтары, асханалар мен мейрамханалар, отандық және шетелдік тауар өндірушілерінің өнімдеріне арналған сауда нүктелері, күнделікті тұтыну және техникалық заттар дүкендері жұмыс жасайтын болады.


Аудан әкімі Мұрат Болатұлы инвесторлардың ұсынған жобаларына қатысты пікірін айтып, жергілікті әкімдік тарапынан толықтай қолдау көрсететіндігін жеткізді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беріп, жолдарды кеңейтуді де қарастыру керектігін жауапты бөлімдерге тапсырды.


Айта кетейік, «JETISAI PLAZA» жобасы – еліміздегі аудан орталықтарында ашылатын алғашқы сауда-демалыс орталығы болмақ.