ТҮРКІСТАН: ​Жетісайда мақта көбелегіне қарсы күрес күшейді

0
1 596

Ауданында мақта дақылының зиянкестеріне қарсы күрес шараларына бақылау жұмыстары басталған.


ТҮРКІСТАН: ​Жетісайда мақта көбелегіне қарсы күрес күшейді

Жетісай ауданы әкімдігінің аппараттық жиыны өтті. Жиында ең бірінші мәселе ретінде мақта зиянкестеріне қарсы күрес жайы талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған мәселе бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Темірхан Елғонов баяндама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде Жетісай ауданында мақта дақылының зиянкестеріне қарсы күрес шараларын бақылау жұмыстары басталыпты. Ол үшін 10-нан астам инспектор мен автокөліктер бөлінген. Бұл мамандар соңғы 5 күнде аудандағы 4 округтегі мақта егістік алқаптарын аралап, көбелектердің жаппай ұшып, жұмыртқа тастау науқанына кіріскенін анықтапты. Сол үшін шаруалар ерте қамданбаса, биылғы мақта дақылының өнімділігі күрт төмендеп кету қаупі туындап отыр. Сондықтан ауыл округі әкімдері шаруаларды мақта көбелегіне қарсы күрес жұмыстарына жұмылдыру қажет.

Жиында сөз алған білікті ауыл шаруашылығы маманы Ербол Ералиев биологиялық әдістің тиімсіздігі байқалған жағдайда мақта құртына қарсы негізгі екі химиялық дәріне қолдануға шақырды. Соның бірі – Караген. Алайда бұл дәрі шаруалар үшін арзан болмай отыр. Десек те, мақта өнімділігін жоғалтып алмау үшін қымбат болса да, осы улы химикатты тезірек пайдаланған абзал.

Мәселеге қаныққан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев барлық ауыл округінің әкімдеріне өздеріне қарасты аймақтардағы егістік алқаптарын аралап, шаруалармен тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс істеуге тапсырма берді. Бұл ретте әкім шаруаларға тиімді жолды нұсқайтын мамандардың кеңесіне құлақ асудың тиімділігі болатынын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта барлық ауыл округтерінде семинар-кеңестерді жиі өткізіп, арнайы басқосулар өткізуді жүктеді.

Жиын барысында бұдан бөлек, ауыз су, электр жарығы, газдандыру, жол, тазалық мәселелері де сөз болып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.