ТҮРКІСТАН: Жетісайда тағы бір агро-дүкен ашылды

0
694

Минералды тыңайтқыштар, мол өнім беретін голландиялық түрлі тұқымдар қолжетімді бағада сатылуда.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда тағы бір агро-дүкен ашылды

Жетісайда «SINGENTA» компаниясының «AGRO SERVIS» дүкені ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңір дихандардың көп жағдайда өзіне қажетті мөлшерде минералды тыңайтқыштар мен химикаттарды ала алмай жатады. Бұл өнімнің сапасы мен көлеміне теріс әсер етері анық. Осындай мәселелерді оңды шешу мақсатында Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылдық округінде «SINGENTA» компаниясының «AGRO SERVIS» дүкені ашылды. Аталмыш дүкен аудан аумағында іске қосылып отырған бесінші дүкен. Бұған дейін аудан орталығы Жетісай қаласында 2, Асықата кентінде 2 агро-дүкен жұмыс істеп келген.


«Округ шаруаларының сұранысы мен өтініштерін саралай келе Ж.Ералиев ауылдық округінен агро-дүкен ашуды ұйғардық. Биылғы жылдың соңына дейін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен де осындай дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда дүкеннің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», - дейді жас кәсіпкер Асылбек Тастанбек.


Игі бастаманы қолға алып отырған жас кәсіпкер дүкенде жергілікті 3 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда бақша, көкөніс, мақта дақылдарына қажетті жоғары сапалы химиялық препараттар мен минералды тыңайтқыштар, мол өнім беретін голландиялық түрлі тұқымдар қолжетімді бағада сатылуда.


SINGENTA компаниясының Түркістан және Қызылорда облыстарындағы өкілі Нұржау Әбдіғаппаровтың айтуынша, шаруалар пицицидтер мен гербицидтерге, мақта мен бақша дақылдарының арам шөптеріне, мақта көсек құртына, өрмекші кенесіне қарсы ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен тәртіпке сәйкес, дүкеннен берілген есеп-қисап құжаттары арқылы субсидия ала алады. Сонымен қатар, 20 жылдан бері Қазақстан нарығында қызмет көрсетіп келе жатқан компанияның жаңа дүкенінен жергілікті шаруа қожалықтарының өздеріне қажетті химикаттар мен тыңайтқыштарды, голландиялық тұқымдарды екіжақты келісім-шарт жасау арқылы күзгі жиын-терімде төлеу міндетімен алуға да мүмкіндіктері бар.