ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы адам сүйегі шашылып жатқан жер қоршалды

0
2 314

Жетісай және Шардара аудандарының ортасындағы суда қалған ескі Асықата кесенесінің маңынан ортағасырлық қала табылуы мүмкін.


ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы адам сүйегі шашылып жатқан жер қоршалды

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округі, 1-мамыр ауылынан 5 шақырым қашықтықтағы адам сүйектері жатқан жер қоршалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, осының алдында жарияланған мақаладан соң аудан басшылығы аталған аумақты қоршап, адамдардың жүруіне тыйым салған.

Сондай-ақ, бұл қорымның маңынан ортағасырлық қала табылуы мүмкін. Бұл жайында ескі қорымға барған Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков бастаған құрамында Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов пен «Сырдария» университетінің ұстазы, тарихшы-археолог Амангелді Тұрманов болған арнайы топ мәлім етті.


Мамандардың айтуынша бұл аймақ Шардара су қоймасына тиесілі болғандықтан зерттелмей, хабарсыз күйде қалған. Өйткені, қараша айында 10 метрге дейін су көтерілетін бұл жер шілде-тамыз айларына дейін судың астында қалады екен. Жылына 3-4 ай ғана құрғақ жататын аймақ бүгінде Х-ХІІІ ғасырларда жерленген мұсылмандар қорымына айналған.

Ал, тарихшы-археолог Амангелді Тұрмановтың болжамы бойынша мұнда жерленген азаматтардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі ер азаматтар болған.

«Қорымға жақын маңда қаланың болуы заңдылық. Өйткені, бұл жерден өркениеттің болғанын дәлелдейтін Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі қыш құмыралар табылып жатыр. Егер шынымен де жақын маңда қала болған болса, ол қала Шыңғысханның жорығында шабуылынан қираған болуы да мүмкін. Бұл – болжам. Нақты дәлел болуы үшін біз арнайы мамандармен археологиялық зерттеу жүргізетін боламыз», - деді археолог Амангелді Тұрманов өз сөзінде.


Сонымен қатар, Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов тастарға қашалып жазылған араб әріптерінің қандай мағына беретінін оқып, талдап берді. Бас имамның сөздері бұл қорымның мұсылманға тиесілі екенін тағы бір дәлелдегендей. Себебі, белгі тастың бәрінде Алланың жалғыз екендігін мойындап, Пайғамбар Мұхаммед ғ.с.ғ салауат айтылған.

Айта кетейік, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлының басшылығымен қоршалған аймақты, апта соңына қарай тиісті мамандармен бірге еріктілер тобы жинастырып, жер бетіне шығып қалған сүйектерді діни жөн-жоралғылармен қайта көметін болады.