Қазылып алынғандарын қорымға жерлесе, іздеушісі жоқтар шашылып далада қалады екен.
Суреттер: ERNUR.KZ
Жетісай ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округі «1-мамыр» елді мекенінің маңында шашылып жатқан адамдардың сүйегі тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгінде адамдардың бас сүйегі шашылып жатқан аймақ 10 гектарға жуық аумақты алып жатқан бұрынғы «Асықата» кесенесінің орны Қызылқұм ауылдық округінің «1-мамыр» ауылынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жергілікті ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, мұндай сүйектер 2008 жылдан бастап жер бетіне шыға бастаған. Бұл жағдайдан аудан басшылары да, имам-молдалар да хабардар, бірақ, ешқандай нәтиже жоқ көрінеді. Жылда тұрғындар Сырдың суы тартылғанда шамалары жеткенше сүйектерді жинап «Шора молда» қорымына апарып құран оқып қайта көмеді екен.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының бірі "Асықата" қорымын көшіру 1965-жылдары "Шардара" су электр станциясының құрылысы басталардан алдын басталғанын айтты. Қазылып алынған мәйіттер жақын маңдағы қорымдарға қайта жерленсе, іздеушісі жоқтары сол жерде қалған көрінеді.
Бір өкініштісі, адамдардың сүйегі шашылып жатқан аймақ аяқасты болып, мал жайылымына айналып кеткен. Ауылдың үлкендері адам сүйегінің аяқасты болғанына алаңдаулы.