ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы орталық саябақ жаңа кейіпке енеді

0
912

Биіктігі 5 метрге дейін жететін су бұрқақтары мен сауда дүңгіршектері іске қосылып, кіре беріс қақпасы жаңартылатын болады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы орталық саябақ жаңа кейіпке енеді

Жетісай қаласындағы орталық саябақта қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Жетісай қаласындағы қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан орталық саябақта болып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Құрылыс жұмыстарының барысымен, сапасымен танысты.


Аудан басшысы алдымен орталық саябақтағы жалпы құны 1 057 713,858 мың теңге болатын дене шынықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Өткен жылы жұмысы басталған қос қабатты нысан биыл ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда. 2022 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 200 млн теңгені толық игерген мердігер «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС мердігер мекемесі бірқатар шикіліктердің бар екенін, құрылыс сызбасына өзгерістер енгізілгенін айтады.


«Мемлекеттің әрбір тиыны мақсатты жұмсалуы тиіс. Қаланған әр кірпіш пен қағылған әр қазық, атқарылған әр іс сапалы болғанда ғана ел бізге рахмет айтатын болады. Сондықтан, табыс табу мақсатында емес, елден алғыс алу ниетінде жұмыс жүргізіңіздер», - деген Серік Үсенұлы жобаға енгізілген өзгерістермен де жіті танысып шықты.


Жаңарған жоба іске қосылған соң жалпы ауданы 17,14 га болатын орталық саябақта қала тұрғындарына арналған арнайы демалыс орындары, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық сауықтыру кешендері, түрлі ойын атракциондары, үлкендер мен бүлдіршіндерге арналған бассейндер, биіктігі 5 метрге дейін жететін су бұрқақтары мен сауда дүңгіршектері іске қосылып, кіре беріс қақпасы жаңартылатын болады.