Түркістанда 48 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
703

Жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.


Түркістанда 48 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Дархан Сатыбалды Түркістандағы маңызды нысандардың құрылыс алаңдарын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би - О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.


Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымының дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.


Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау имаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.


Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос қондырғыларымен, желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет.


Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-Су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.