Түркістанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты

0
852

Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді.


Түркістанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған. Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайы туралы баяндады.


Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Атап айтсақ, 3 «Магнум» желісі мен 50 супермаркет пен дүкен, «Қуаныш» және «Алтын бұлақ» базары тұрақтандыру қоры мен айналым схемасы, форвардтық келісім арқылы қаржыландырылған. Тауарөндірушілердің азық-түліктерін тікелей жеткізу арқылы нарықтық бағадан 15-25% төмен сату көзделген. Жыл басынан нарыққа шығарылған 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі 4,5 мың тоннаны құрап отыр.


Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты реттеп, азық-түлік көлемі, бағасына тұрақты зерттеу жүргізу қажеттігін айтты.


«Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету жөнінде тапсырма берді. Инфляцияны реттеуде азық-түлік бағасының алар орны айрықша. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік дүкендерді талапқа сай етіп, сөрелеріне сапалы өнімдердің қойылуын қадағалаған жөн. Екіншіден, бағасы өсуі ықтимал азық-түлік тауарларын қазірден анықтап, тауар тапшылығының алдын алу керек. Өз өңіріміздің тұтыну көлемі туралы сараптама әзірленсін. Биыл облыста, көршілес өңірлерде егілген және жиналған көкөніс көлемі туралы зерттеу болуы тиіс. Жәрмеңкелер ұйымдастыру мәселесін де жүйелеңіздер. Аудан, қала әкімдері бағаны тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстарды жандандырсын», – деді Дархан Сатыбалды.


Өңірде 30 әлеуметтік дүкен бар, оның 17-сі жаңа форматта болса, 13-і ескі форматта. Әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 20-30% төмен саудалануда.


Қала аумағындағы негізгі 50 супермаркет пен дүкенмен бағаның негізсіз өсуіне және 15 пайыздық сауда үстемесінен асып кетуіне жол бермеу жөнінде меморандумдар жасалған. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жанынан құрылған 2 мониторингтік жұмыс тобы, Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Түркістан қаласы әкімдігі жанынан құрылған мониторинг тобы, сондай-ақ ӘКК жанынан құрылған мониторинг топ сауда үстемесін қадағалап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына сараптама жүргізеді. Делдалдарды анықтап, анықталған фактілерді комиссияға ұсынуда.


Бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия тарапынан 78 отырыс өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тауарларын өндіретін және сататын 48 нарық субъектісіне қатысты шаралар қабылданып, бағалар қалыпқа келтірілді. 30 супермаркетке қатысты сауда үстемесін 15%-дан асыру бойынша шаралар қабылданып, бағалар реттелген. Жұмыртқа өндіруші, сары май өндіруші компанияларына қатысты бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттерді жою бойынша жұмыс жүріп, бағалар 7-10% төмендеді.


«Алтын бұлақ» және «Қуаныш» базарларындағы көкөніс павильонындағы 12 сауда орындарына қатысты сауда үстемесін асыру фактілері бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, бағалар тұрақтандырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.