Түркістанда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту талқыланды

0
1 207

Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады.


Түркістанда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту талқыланды

Халықаралық форумда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 - «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтуде. Онда «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті. Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады. Ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерімен бөлісті.


«Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы аграрлық өңір болып табылады. Өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты, өңірде бұл саланың бірнеше бағыттарын дамытуға күш салудамыз. Сондықтан саланы жаңа бағытта дамытуды, шикізаттық дамудан дайын өнімді шығаруға көшуді жан-жақты талқылауда біз бірыңғай ұстанымға келеміз деп үміттенемін», - деді ол.


Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына күш салынған. Сонымен қатар Түркістан облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласы дамуда.


Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары арнайы қатысты. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 триллион 55 миллиард тенгені құрайтын 20-ға жуық мемарандумға қол қойылды.


Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы өте жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 га) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың га) жүйелі түрде дамып келеді.


Жыл сайын облыста 3 млн.тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.


Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14% - ы, ұсақ малдың 23% - ы, жылқының 11% - ы, түйенің 14% - ы, өндірілген еттің 11% - ы және сүттің 12% - ы тиесілі. Сондай-ақ облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85% - ы, қой етінің 60% - ы тиесілі. Биылғы жылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталады.