Түркістандық ансамбль халықаралық фестивальде бас жүлде иеленді

0
439

Фестивальге Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттерден 14 фольклорлық топ қатысты.


Түркістандық ансамбль халықаралық фестивальде бас жүлде иеленді

Түркістандық «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысы, Марғұлан қаласында «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалі өтті. Фестивальге Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттерден 14 фольклорлық топ қатысты. Қазақстанның намысын қорғаған «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі халықаралық фестивальде бас жүлдені жеңіп алды.


Марғұлан қаласындағы Өнерпаздар бағында «Ұлы Жібек жолы» ІІ халықаралық фольклорлық музыка фестивалінің ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм вице-министрі Бахадир Ахмедов, Ферғана облыс әкімінің орынбасары Хуршид Ахмедов қатысты.


Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған.


Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» атағын беру №159 бұйрығына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді.


Қазіргі таңда аталған ансамбль республикалық, облыстық іс-шараларға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени іс-шаралардың, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуда. Заман талабына сай «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі «этно-фольклорлық ансамбль» деп аталып, халықты ұлттық өнер нәрімен сусындатып, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.