Түркістандық ескекшілер Париж Олимпиадасына іріктеу додаларына қатысады

0
532

Спартакиаданың күміс жүлдегері атанды.


Түркістандық ескекшілер Париж Олимпиадасына іріктеу додаларына қатысады

Түркістан облысының ескекшілері спартакиаданың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Орал қаласында маусымның 11-17 аралығында Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасы аясында байдарка мен каноэде есу бойынша жарыстар өтті. Еліміздің 11 аймағынан келген 120 қатысушы Шаған өзенінде сынға түсті.


Дүбірлі сында Д.Жарменов басқаратын Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары 23 медаль жеңіп алды. Оның ішінде қоржынға 7 алтын, 8 күміс және 8 қола медаль түсті.


Атап айтсақ, ерлер арасындағы 500 метрге жұптық сайыста Раматулла Бекарыс пен Артем Терещенко топ жарды.


Аралас сында Ольга Шмелева мен Артем Терещенко чемпион атанды. Виталий Сушах, Виктор Панкратов, Артем Терещенко және Раматулла Бекарыс ерлер арасында 200 метрге байдаркада есуден төрттік сайыста жеңімпаз болды.


Әйелдер арасында 200 метрге байдарка сайысында Евгения Тютюкина, Карина Семеникина, Наталья Сергеева және Ольга Шмелева төрттігі қоржынға алтын жүлде салды.


Әйелдер арасындағы каноэ бәсекесінде 1000, 500, 200 метр қашықтықтарда Ульяна Киселева мен Дарья Корыткина қарсылас шақ келтірмеді.


Ұлттық құрама сапына қабылданған Түркістан спортшылары енді Париж Олимпиадасына іріктеу додаларына қатысады.