Түркістандық полицейлер бір жанұяны ажал аузынан алып шықты (видео)

0
577

Төтенше жағдай таңғы сағат 6:00-де болған.


Түркістандық полицейлер бір жанұяны ажал аузынан алып шықты (видео)

Түркістандық қос полицей таңғы сағат 06:00-да шыққан өрттен бір отбасыны құтқарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторлары – полиция аға лейтенанты Бағлан Жүнісов пен полиция аға лейтенанты Жұмағали Алякбаров таңғы сағат 06:00 шамасында тұрғын үйден өрт шығып жатқанын байқап қалған. Сөйтіп, бірден өрт сөндірушілерді шақырып, өздері шырт ұйқыда жатқан адамдарды құтқаруға асыққан.



Полицейлер өртеніп жатқан тұрғын үйдің сыртқы есіктері жабық болғандықтан, шатыр арқылы үйдің ауласына асып түседі. Содан кейін, дереу тілсіз жау құшағындағы үйге кіріп кетеді.


Тәртіп сақшылары тұрғындарды аман алып шығу үшін және үйдің үлкен азық-түлік дүкенінің жанында орналасқанын ескеріп, бастарын бәйгеге тіккен.


«Үйге кіріп, барлық бөлмелерді қарап шығып, көк түтінге тұншығып жатқан анасы мен екі баласын табады. Тұрғындарды тез арада көтеріп алып, қауіпсіз аймаққа алып шығады. Артынша өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жетіп, өртті ауыздықтады. Ал жедел жәрдем қызметкерлері өрттен зардап шеккен әйел мен оның ұл-қызын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Тілсіз жаудың электр сымдарының тұйықталуынан орын алғаны анықталды.Бүгінде тиісті мамандармен тексеру шаралары атқарылуда», - делінген бұл туралы полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.