Түркістандық жастар көшеде құрма мен су таратты

0
893

Ораза ұстауды ниет етіп, ауыз бекіткен азаматтарға құрма мен су үлестірілді.


Түркістандық жастар көшеде құрма мен су таратты

Жетісай жастары қала көшелерінде құрма мен су таратты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай ауданының орталық көшелерінде аудан жастары қасиетті Рамазан айында Алланың разылығы үшін 30 күн ораза ұстауды ниет етіп, ауыз бекіткен азаматтарға құрма мен су үлестірілді.

Қайыры мол шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мұрындық болған шараға «Сырдария» университеті мен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі мен Жетісай жоғары медицина, «Жанықұл» медицина колледждерінің белсенді жастарынан құрылған «Жан жылуы» еріктілер клубының мүшелері қатысты. Ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара тұрғындардың таңданысын тудырғанымен игілікті бастаманың жалғасын табуына тілек білдірді.

“Біздің мақсатымыз – біреулерді таң қалдырып немесе жұрттың назарын өзімізге аудару емес, біздің басты мақсатымыз – сан ғасырлардан бері атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен бойымызға дарыған хақ дініміз – исламның мәртебесін көтеру. Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазанды жұртшылыққа жете түсіндіру, жеткізу”, - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Әлем елдерін үрейлендірген covid-19 індетінің елде таралуының алдын алу, ауыздықтау, мүмкіндігінше індеттен адам шығынын болдырмау мақсатында жарияланған карантиндік жағдайда ауданының жаны жомарт, қолы ашық азаматтарының демеушілігімен аудандағы аз қамтамасыз етілген әлеуеті әлжуаз отбасыларға қайырымдылық көмектерін ұйымдастырып келе жатқан ерікті аудан жастарының бұл ісі өзгелерге үлгі болып, қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтын азаматтарды бір мақсатқа жұмылдырады деп сенеміз.