Түркістандық жастар Ташкенттегі форумға қатысты

0
610

Өзбекстандық жастар кездесуге келген түркістандықтарға алғыстарын жеткізді.


Түркістандық жастар Ташкенттегі форумға қатысты

Өзбекстан астанасы Ташкентте жастардың халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысынан барған делегаттар Өзбекстан Республикасының жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында түркістандық жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың қойған сауалдарына жауап берді. Ең алдымен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ерасыл Төлебаев шетелде білім алудың мүмкіндіктері мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар бойынша және арнайы бағдарламаларға кеңінен тоқталып өтті.


Сондай-ақ, форумда Токио Олимпиадасында бокстан қола жүлдені қанжығасына байлап, Сербияда әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов спорттағы жетістік сырымен бөлісті. Сонымен қатар журналист Рысгүл Досжанова қазақ әдебиетінің маңыздылығын айтып, поэзия бағытындағы жобасы туралы сөз қозғады. Өзбекстандық жастар өз қызығушылықтарын танытып, сауалдарын қойып, кездесуге келген түркістандықтарға алғыстарын жеткізді.


Қазақстан мен Өзбекстан жастарының басын қосқан «Ташкент жастар форумы – 2021» форумының жабылу салтанатында Өзбекстан Республикасы Президентінің жастар, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жөніндегі кеңесшісі Абдужаббор Абдувахитов, Жастар ісі жөніндегі агенттік директоры Әлішер Садуллаев және Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Ортиходжаев жастарды құттықтап, жыл үздіктерін марапаттады.


Халықаралық іс-шарада опера әншісі, түрлі байқаулардың бас жүлде иегері, Түркістан облысының делегаты Мөлдір Бақытжанқызы өнер көрсетіп, жастардың ыстық ықыласына бөленді.