Түркістанға ерекше мәртебе жолдары талқыланды

0
591

Мәжілісте құжат жобасы таныстырылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.


Түркістанға ерекше мәртебе жолдары талқыланды

Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасын жүзеге асыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласына рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Осы бастамаға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.


«Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасына нақты ұсыныстар толықтырылуы керек. Бұл ретте Түркістанның тарихи ерекшелігі, идеологиялық бағыттары көрсетілгені жөн. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, индустриалды және еркін экономикалық аймақтарды дамыту мәселесі де назардан түспеуі тиіс. Түркістан туристік орталық ретінде өз ерекшелігімен даралануы қажет. Жан-жақты пысықтап, ұсыныс беріңіздер», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген.


Қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған.


Мәжілісте құжат жобасы таныстырылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәдениет, жол саласы, сәулет және өзге де салаларға қатысты басқарма басшыларының да пікірлері тыңдалды. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады.