Түркістанға қосымша 200 млн. м3 ағынсу жеткізіледі

0
1 531

Түркістан облысындағы 6 су нысаны («Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы, «Қараспан» магистралды каналы және «Қараспан» су торабы) республикалық меншіктен облыстық меншікке өтті.


Түркістанға қосымша 200 млн. м3 ағынсу жеткізіледі

Түркістан облысында ағын суға деген тапшылығын шешу бағытында Үкіметтік және жергілікті деңгейде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ағын суға деген тапшылығын шешу бағытында Үкіметтік және жергілікті деңгейде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іссапар барысында Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстарымен, «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, Су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлату технологиялары орнатылған «Түркістан-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен және жұмыс істеу бағытымен танысты.

2019 жылы Түркістан облысындағы 6 су нысаны («Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы, «Қараспан» магистралды каналы және «Қараспан» су торабы) республикалық меншіктен облыстық меншікке өтті. Су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың га суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар, былтыр Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдарынан су алатын аудандардағы (иесіз, жеке және аудандық меншіктегі) 751 шақырымды құрайтын 161 канал облыстық меншікке өткізілді.

Ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін, облыста алғаш рет тариф бектілді. (1000 м.3 ағын су үшін 328,6 теңге). Нәтижесінде, шаруаларға ағын суды тек қажеттілікке сәйкес бөлу тәртібі енгізілді.

«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша ірі су нысандарын іске асыру нәтижесінде, Түркістан өңіріне 200 млн.м3 ағын су қосымша жеткізіледі. Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жобасы аясында 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасы жобасы бойынша 34 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 40 % бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырымға созылып, биылдың өзінде 250 млн.м3 су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіруге жыл сайын облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаржы бөлінуде»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 42 дана тік ұңғымалар қалпына келтірілді. Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. 53 млн. м3 су үнемделді. Ағымдағы жылы 361 шақырым су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдылық беріліп, коммуналдық меншіктегі барлық 241 шақырымды құрайтын 121 дана қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, Су ресурстары комитеті тарапынан, жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінен, «Шәуілдір үстеме каналын реконструкциялаудың 2-кезеңі» жобасы және «Ішкі коллекторлық дренаж жүйелерін реконструкциялау» жобаларының Отырар ауданы үшін маңыздылығы басым. Жоба аясында 30,4 шақырым канал бетонмен қапталып, 417 шақырым коллектор дренаж жүйелері механикалық тазалаудан өткізіледі. Нәтижесінде «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдары бойындағы 12 мың га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, жаңадан 7 мың га суармалы жерлер айналымға қосылады.

Облыс әкімінің орынбасары шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды.

«Кешенді жоспарға сәйкес, «Түркістан магистралды каналының» құрылысын ағымдағы жылы аяқтау үшін, Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. «Арыс-Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы құрылысының алғашқы кезеңін бастауға Республикалық бюджеттен 2021 жылға қосымша қаржы бөлуді ұсынамыз. Ағын су шығынын азайту және маусымдық суару кезеңінде қосымша су жеткізу мақсатында, жаңадан Бөген өзенінің бойынан «Сарқырама» су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба толық іске асқан жағдайда, вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн.м3 су тасталатын болады. Сондықтан, Республикалық бюджеттен 2022 – 2023 ж.ж. құрылыс жұмыстарына қаржы қажет»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Шардара ауданындағы «Жаушықұм алқабында су тарқыш пен сорғы станциясын реконструкциялау» жобасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет. Нәтижесінде 12,2 мың. га суармалы жер жаңадан қосылып, жылына орта есеппен 14 млрд. тг ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға мүмкіндік береді.

«Облыстың оңтүстік өңірлерінің (Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт) суармалы жерлерінің 90 % Өзбекстан Республикасына тиеселі «Достық», «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына тәуелді. Сондықтан, жыл сайын вегетациялық кезеңде АШТӨ-не ағын су уақытылы жеткізілмей, наразылықтар туындайды. Бұл мәселе биылғы жылы да қайталануда. Атап айтқанда, «Достық» магистралдық каналына мамыр айының бірінші онкүндігіне жоспар бойынша 425,7 млн. м3 су босатылуы қажет болса, 326,6 млн. м3 су босатылды, яғни қажеттіліктен 23 % кем. Ал, «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына 24,2 млн. м3 су босатылуы қажет болса, 10,1 млн. м3 су босатылды, яғни қажеттіліктен 58 % кем. Осыған орай, екі ел арасында бекітілген лимитке сәйкес, ағын суды босатуды Үкімет деңгейінде шешу мәселесін пысықтау қажет»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Маңызды мәселе - су мамандарының тапшылығы. Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесінде, инженер-гидротехниктер, инженер-гидрометрлер, техниктер, су реттеушілер, су бақылаушылардың еңбекақысы төмен. Мәселені шешу үшін тиісті қаулыларға өзгерістер енгізуді қажет етеді.