Түркістанның «Азық-түлік белдеуінде» екінші өнім жиналып жатыр

0
468

Жаңбырлатып суару технологиясымен егілген екінші өнім жинау жұмыстары басталды.


Түркістанның «Азық-түлік белдеуінде» екінші өнім жиналып жатыр

Түркістан қаласының айналасында құрылған «Азық-түлік белдеуіне» жүгеріден 250 ц/га өнім алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласының айналасында құрылған «Азық-түлік белдеуінде» екінші өнімге егілген 259 га сүрлемдік жүгеріден 250 ц/га өнім алу жоспарлануда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың жеке қадағалауымен бүгін «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен егілген екінші өнім жинау жұмыстары басталды. Жиналған жем-шөп қорымен 1 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын және құны 6 млрд. теңгені құрайтын итальяндық технологиямен салынып жатқан «1 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы» инвестициялық жобасы қамтамасыз етіледі.


Инвестициялық жобаға итальяндық «Rota Guido» компаниясымен жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Нысанның бастапқы қаңқасы қаланған. Іші бетондалып, инфрақұрылым жұмысы толық аяқталған. Қажетті жабдықтар Германиядан жеткізілмек. Тәулігіне 30 литр сүт беретін Гольштейн тұқымды сауынды сиырлар Голландиядан әкелінеді. Жобаны 2022 жылдың ақпан айында іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде тұрақты түрде 60 жаңа жұмыс орны ашылып, облыста сүт өндірісінің көлемін арттыруға өз үлесін қосады.


«Осыдан 2,5 жыл бұрын жеке шаруашылықтарды біріктіріп, инвесторлармен қосып, ірі шаруашылықтарды ұйымдастыру мәселесін қолға алдық. Жоба үш бағытта жүзеге асуда. Жеке және қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы оларды техникалық жағынан қамтамасыз етіп, өнімділігін 2-3 есе арттыру көзделген. Жылына бірнеше өнім алып, мал азығын әзірлейді. Жаңбырлатып суару технологиясы ағын су 30 %-ға үнемдейді. Осы тәжірибені облыс бойынша таратып жатырмыз», - деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.