​Ұстаз 200 балаға мектепке қажетті киім алып берді

0
1 886

Бұрнағы жылдары Райымжан ағайларынан 50-60 бала көмек алса, биыл олардың саны 200-ге жетіп отыр.


​Ұстаз 200 балаға мектепке қажетті киім алып берді

Түркістан қаласының тұрғыны Райымжан Қошқаров жеке өзі 200 баланы мектепке дайындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Мектепке жол» акциясының аясында қарапайым қала тұрғыны әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу құралдарын алып беріп, қуанышқа кенелтті.
Отбасы мүшелерінің меншігінде шағын ғана дүкені бар демесеңіз, Райымжан Қошқаров анау айтқан қаржылы кәсіпкер емес. Қаладағы Ататүрік атындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Асып-тасып жатпаса да қиналғанға көмектесуді азаматтық борышым деп білетін жігіт ағасы тек ниет етіп, тәуекелге бел буған. Нәтижесінде көпке үлгі боларлық игі іс жасап, ауылдастарының алғысына бөленді.
– Бұл игі іске ағайын-туыстар және қайырымдылық көрсетемін деген жандар да өз үлестерін қосты және көпшілігін өзім сатып алдым. Сонымен біршама киім-кешек жиналды. Барлығы жап-жаңа. Оларды әр мектептен тізім бойынша алдырған балаларға және өзім білетін әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге таратып бердім, – дейді Райымжан Саттарұлы.
Қарапайым ұстаз бола жүріп қайырымдылық іспен айналысуды 6 жыл бұрын бастаған ол алғашқыда бір үйдің үш баласын киіндіріпті. Қуаныштан бал-бұл жанған балалардың жүздерін көрген соң, бұл игі істі жыл сайын жасауды мақсат еткен. Балаларды қуантудан асқан жақсы іс жоқ деп санайды. Бұрнағы жылдары Райымжан ағайларынан 50-60 бала көмек алса, биыл олардың саны 200-ге жетіп отыр.
Жалпы, Түркістан қаласында өткен «Мектепке жол» акциясының аясында 1361 оқушыға қажетті құралдар мен киімдер алып берілді. Олардың ішінде 900 балаға демеушілер есебінен көмек көрсетілсе, қалған 461 бала жалпыға бірдей білім қорынан қаралған қаржының есебінен киіндірілген.