Антисептикті ҚОЛДАН ЖАСАП АЛУҒА болады

0
8 298

Кез келген вирус пен инфекциядан қорғай алады


Антисептикті ҚОЛДАН ЖАСАП АЛУҒА болады

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус індетінің таралуына байланысты халық үшін қазіргі кезде басты міндет тазалық және сақтық шаралары болып отыр. Осыған байланысты бүгін антисептик құралдарының, яғни залалсыздандырғышты қолдан үй жағдайында да жасауға болатын кеңестерді ұсынамыз.


Ең ҚАРАПАЙЫМ түрі

Қазіргі жағдайда мамандар қолды жиі жууға немесе арнайы құралдармен залалсыздандырып отыруға кеңес береді. Алайда су мен сабынды үнемі жаныңызда ұстап жүре алмайсыз. Мысалы автобуста, дүкендерде немесе кез-келген сыртқы ортада сізге дейін қаншама қолдар тиген жерді ұстауға тура келеді. Үнемі қолды жуып жүруге мүмкіндік болмаған жағдайда, қасыңызда алып жүретін қарапайым антисептик жасап алуға болады.

Ол үшін:

  • Этил спирті - 800 мл
  • Сутекгі асқын тотығы (перекиси водорода) - 42 мл
  • Глицерин -15 мл
  • Тазартылған су - 100-120 мл

Барлығын қосып, жақсылап араластырып алу қажет және ауа кірмейтін ыдысқа (пластикалық бөтелке т.б.) сақтаған дұрыс. Сөмкеге саларда, көшеге алып шығуға ыңғайлы болу үшін кішірек және мейлінше сепкіші бар ыдысқа құйып алған жөн.


Гельді антисептик

Антисептикті жиі пайдалану қолдың тез қартаюына және құрғап кетуіне алып келеді. Сондықтан антисептикті өте жиі пайдаланатындар жұмсартқыш қасиетке ие эфир майынан, алоэ вера гелінен қоспа жасап алуына болады. Ол үшін:

  • медициналық спирт - 160 мл
  • алоэ вера гелі - 80 гр
  • кез-келген эфир майы
  • қоспаны араластыруға арналған ыдыс

Дайындалуы

  1. Таза ыдысқа алдымен медициналық спиртті құйып алу керек.
  2. Үстінен алоэ вера гелін қосамыз - ол қоспаны қою етіп, спирттің белсенділігін төмендетіп, қол терісінің құрғап кетуінен сақтайды. Мұқият араластырамыз.
  3. Араласқан қоспаға 10 тамшы эфир майын қосу керек. Залалсыздандырғыш гель үшін микробтарды жоюға қарсы құрылымы бар майлар қажет: жалбыз майы, даршын (корица), жебіршөп,тасшөп (тимьян), қалампыр (гвоздика).
  4. Барлық қоспаны мұқият күрекше секілді затпен араластырып алу керек. Нәтижесінде қою біртекті қоспа пайда болады.
  5. Қоспаны пластикалық бөтелкеге салып сақтаған дұрыс немесе аузы кішірек, сепкіші бар ыдыс та жарайды.



Спиртсіз антисептик

Көптеген өсімдіктердің эфир майлары жарақаттың тез жазылуына әсер етеді және антисептикалық қасиеті бар әрі қышыманы басуға қауқарлы. Сондықтан эфир майларының көмегімен спиртсіз-ақ антисептик жасауға болады.

Қажетті заттар:

  • тазартылған су - 120мл
  • алоэ вера гельі - 1ас қасық
  • қалампыр (гвоздика) майы - 10-12 тамшы
  • эфкалипт майы - 10-12 тамшы
  • гүлшетен майы (розмарин) - 10-12 тамшы
  • лимон немесе апельсин майы - 20 тамшы (хош иіс үшін)

Дайындалуы:

Барлық қажетті заттарды қосып араластырып, жақсылап шайқаған соң қолдана беруге болады.


Антисептиктер жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қолданылады. Бірақ оны өте көп пайдаланудың зиянды екенін де білген жөн. Ол зиянды бактерияларды жоя отырып, керісінше қажетті, пайдалы, ағзаны қорғаушы бактерияларды да жойып жіберуі мүмкін.

Қолдарыңыз үнемі таза, дендеріңіз сау болсын! Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!

Тағы оқыңыз: Көшетті таңдағанда ТАМЫРЫН КЕСІП көреді

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ