ТАСТАМАҢЫЗ! Мерекеге сыйланған гүлдерді қажетке жаратуға болады

0
6 180

Қыз-келіншектерге ең көп сыйға берілетін гүлдердің көпшілігі раушан гүлі және қызғалдақ екен.


ТАСТАМАҢЫЗ! Мерекеге сыйланған гүлдерді қажетке жаратуға болады

Күні кеше өткен 8 наурыз меркесінде барлық қыз-келіншектердің құшағы гүлге толғаны анық. Бірақ сондай әсем гүлдер арада көп күн өтпей солып, қурап қоқыс жәшігіне тау-тау болып үйілетіні қынжылтады. Алайда мұндай әсем гүлдерді қоқысқа тастамай-ақ қажетке жаратуға болады.

ҚЫЗҒАЛДАҚ

Қызғалдақ – өзге гүлдерден ерекше пішіні мен хош иісі және көктемде алғашқы болып гүлдейтінімен ерекшеленеді. Жұлынған қызғалдақтар раушан гүліне қарағанда тез солып, 2-3 күн ішінде-ақ қурай бастайды.

Қызғалдақтан бетке арналған маска

Қызғалдақтың күлтелерінен бет терісін нәрлендіретін және тыныштандыратын маска жасауға болады. Ол үшін күлтелерді ұсақтап турап, қайнаған ыстық суға жарты сағатқа салып қою қажет. Уақыт өткен соң сүзіп алып, кез-келген бетке арналған кремге немесе эфир майына қосып бетке жағу қажет.


Хошиістендіргіш ретінде пайдаға асады

Өзіңізге қажетті хошиістендіргішті сатып алмай-ақ қызғалдақ күлтелерінен жасап алуға болады. Ол үшін ауа өткізгіш қалта, қызғалдақ күлтесі және азғана еңбек қажет. Қалтаны кез-келген ауа өткізгіш матадан жасауға болады, тіпті қалта етіп тікпей-ақ жай ғана байлай салуға да болады. Күлтелерді кептіріп, қалташаларға салып түйіп-буып, өзіңізге қажетті кез-келген жерге пайдалана аласыз. Мысалы үйде, аяқкиімнің ішіне, киімдер тұрған сөрелерге, сандыққа салуға т.б. болады.

РАУШАН ГҮЛІ

Раушан гүлі – гүлдердің патшайымы аталып кеткен. Оның әдемілігі мен хош иісі өз алдына тұрмыстағы пайдасы да өте көп. Мерекеге сыйланған раушан гүлінің алдымен жапырақтарын пайдаға асырамыз.


Кептірілген күлтелері

Раушан гүлінің күлтелерін жақсылап кептіріп ұнтақтап құрғақ шайға қосуға болады. Сондай-ақ кептірілген күлтелерді ұсақтап теңіз тұзына араластырып, ванна қабылдаған да жанға жайлылық сыйлайды. Қызғалдақтың күлтелері секілді, раушан гүлінен де хошиістендіргіш жасауға болады.


Сәндік бұйым

Раушан гүлінен үйге ерекше сән беретін дүние жасауға болады. Ол үшін сізде іші көрініп тұратын шыны құмыра секілді сәнді ыдыс болғаны дұрыс. Ыдыстың астына қолда бар әдемі жіп немесе жұмсақ сәнді баларға арналған ысқыш (мочалка), жұқа әдемі түсті орамал салуға болады. Оның үстінен раушан гүлін салып, қалауыңызша безендіресіз. Гүлді салып, сәндеп болған соң үстінен глицерин құйып жіберу керек.


Сондай-ақ кепкен раушан гүлдерінен өте әдемі панно жасауға да болады.



Тағы да раушан гүлін өсіруге болады

Сыйға берілген гүл шоғынан раушанды көбейтіп, ауланың сәнін келтіріп қоя аласыз. Ол үшін гүлдерді тамырлатып алу қажет. Гүл шоғындағы раушанды тамырлатудың бірнеше тиімді тәсілі бар.

  • Ең қарапайым тәсіл – суға салу. Раушан гүлі сабағының ортаңғы бөлігін кесіп аламыз. Яғни түп жағы мен басын кесіп тастаймыз. Содан кейін ыдысқа су құйып салып қоямыз. Ыдысты тікелей күн көзі түсетін жерден алшаққа қою қажет және ыдыс ішіндегі суды 2 күнде ауыстырып отырған жөн.
  • Картопта тамырлату. Картоп – раушан гүлінің тез тамыр шығаруына жақсы көмектеседі. Яғни картоп гүл сабағына қоректендіргіш заттар бөліп, құрғап қалудан, үсіктен және зиянкестерден сақтайды. Ол үшін орташа көлемдегі картопты алып ортасына гүл сабағы сиятындай тесік жасап (келесі жағына тесіп өтпеуі керек) алу керек. Қажетті кесіп алған гүл сабағының аяқ жағын тамыр шығаратын дәрі құйылған қоспаға бір батырып алып картопқа тығып қоямыз. Сол күйінде топырағы бар ыдысқа отырғызып, жоғары қалған бөлігін пластик бөтелкемен немесе шыны ыдыспен төңкеріп жауып қойған дұрыс. Құрғатпай суғарып тұру керек.

Егер гүлді келешек далаға отырғызар болсаңыз онда алғашқы өскіндер пайда бола бастаған кезде топырағын күнделікті жәймен алып отыру керек. 2-2,5 аптадан кейін ыдыстағы гүлді ашық топыраққа, далаға отырғыза беруге болады.


Тағы оқыңыз: Көшетті таңдағанда ТАМЫРЫН КЕСІП көреді


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ