Еккен КӨШЕТ ӨНБЕЙ ҚАЛСА не істеу керек?

0
10 559

Тамыр алмай қалған көшетті қайта өткізе де, айырбастай да алмайсыз, бірақ оны құтқаруға болады.


Еккен КӨШЕТ ӨНБЕЙ ҚАЛСА не істеу керек?

фото: ғаламтордан

Кейде еккен көшеттер тамыр алмай, көктемгі еңбек зая кетіп жататын кездер болады. Мұның негізгі себебінің бірі - базардан алынған көшеттер. Себебі ол көшеттердің қай уақытта қазылып алынғаны, қанша тұрғаны белгісіз. Сондықтан олар көбіне құрғап қалған, ауруы бар болып шығады. Алайда саудагерлер табыс үшін мұндайды білдіртпеуге тырысады.

Өкініштісі сол, тамыр алмай қалған көшетті қайта өткізе де, айырбастай да алмайсыз. Қаншама уақыт пен қаражат текке шығын. Егер осындай мәселеге тап келсеңіз, бірден қол сілтей салмай төмендегі кеңестерді қажетіңізге жаратып көріңіз.


Егер көшетті отырғызған соң, сабағында қара дақтар пайда болса, онда сол дақ түскен жердің астынан қырқып тастаңыз. Көшет кішірейіп қалғанымен тамыр алып, өніп кету мүмкіндігі жоғары болады. Биыл өніп кетсе, келесі жылы үлкен көшетке айналары сөзсіз.



Егер көшетті еккен соң, оның қабықтары өз-өзінен аршылып кетсе онда оның өне қоюы екіталай. Сондықтан оны тез қайта қазып алып, басын төмен қаратып су толы ыдысқа салып қою керек. Ол осылай 2-3 тәулік тұрып бойына су сіңіру қажет. Тек су салқын болғаны дұрыс. Жылы суда көшет шіріп кетеді.


Егер көшет қатты құрғап кетсе, онда оны "емдік су" көмегімен құтқарып алуға болады. Ол үшін 10л суға 1ас қасық несепнәр (мочевины) + 1 ас қасық суперфосфат және 5-6 тамшы корневин дәрісін араластыру қажет. Дәл осы қоспаға құрғап қалған көшетті 12-20 сағатқа салып қойып, қайта отырғызуға болады. Мұндай көшеттер бірден өніп кетеді.


Егер көшетте бәрі дұрыс, бірақ бүршік жармай ұзақ тұрып қалса, онда оны жақсылап қырқып тастаған жөн. Өте қысқа етіп бар бұтағын кесіп тастау керек. Бірнеше күннен кейін кескен жерлерден өскіндер өсіп шығады. оның да ең мықтысын қалдырып, қалғанын кесіп тастаған дұрыс. Жас өскін желге, т.б жағдайларға сынып, бүлінбес үшін жанына тіреу болатын қада қойып, соған байлап қою қажет.


Тамыр алмаған көшеттерді құтқарудың ескі тәсілі. Ол үшін 10 литр жылы суға 200мл камфора спиртін араластырып аласыз. Осы қоспаға көшеттің тамырын салып қойып, діңін жақсылап сол қоспамен жоғарыдан құя отырып жақсылап шомылдыру қажет. 3-4 сағаттан соң көшет шамалы тіріле бастайды. Содан кейін топыраққа егуге болады. Тек көшетті егіп болған соң оны кем дегенде 3 -4 шелек сумен суғару керек.

Кеңестер қажеттеріңізге жарайды деген сенімдеміз!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз: АРАМШӨП те пайдалы: бау-бақша үшін ТЫҢАЙТҚЫШТЫ қолдан жасап алуға болады


Солып қалған бөлме гүлдерін АС СОДАСЫ құтқарады