Солып қалған бөлме гүлдерін АС СОДАСЫ құтқарады

0
13 934

Кофе қалдығын бөлме гүліне құйса, топырақты қышқылдандырып, өсімдіктің өспей, тіпті қуратып жібереді.


Солып қалған бөлме гүлдерін АС СОДАСЫ құтқарады

фото: ғаламтордан

Бөлме гүлдерінің жайқалып өсуі оның күтімі мен берілетін тыңайтқыштарға да байланысты екені белгілі. Ал көктем, жаз мезгілі өсімдіктердің нағыз тыңайтқышты керек ететін кезең. Ендеше төменнен өсімдіктерге пайдалы заттардың жетіспеушілігі қалай білінеді?, Тыңайтқыштарды қалай дұрыс пайдалану керек?, Тыңайтқыштарды үй жағдайында жасау туралы қажетті мәліметтерді біле аласыздар.


Өсімдіктерге қажетті заттардың жетіспеушілігінің белгісі

Бөлме гүлдері үнемі қоректендіруді қажет етеді. Көктем мен жаз мезгілдерінде оларды әр екі апта сайын қоректендіріп отыру керек. Өсімдіктерге тыңайтқыштың жетіспеушілігін төмендегі белгілерден білуге болады:

  • Өсу белгілерінің байқалмауы. Өсімдікте жаңа өскіндер, жапырақтар шықпайды. Бір биіктікте ұзақ уақыт тұрып қалады.
  • Ескі жапырақтардың түсуі. Бірақ одан кейін жаңа жапырақ шықпайды.
  • Өте сирек гүлдеу. Бұл экзотикалық, онсыз да сирек гүлдейтін өсімдіктерге қатысты емес.
  • Жалпы ауру көрінісі. Өсімдіктердің солғын түрі, жапырақтарының жасыл реңін жоғалтуы, олардың қажетті азықты алмағанының белгісі.
  • Жапырақтардың сарғаюы. Бұл азоттың немесе магнийдің жетіспеушілігінен орын алады. Сондай-ақ топырақтағы қышқылдың артуынан да орын алуы мүмкін.
  • Жапырақ пен өскіндерде қара, қою қызыл түсті дақтардың пайда болуы. Мұндай жағдай фосфордың жетіспеушілігінен туындайды.
  • Өсімдіктің ұсақталып, майдаланып кетуі. Темір жетіспеген өсімдік жапырақтары өте майда бола бастайды.

МАҢЫЗДЫ: Топырақтағы әрбір минералды немесе оргагикалық заттар бөлме гүлдерінің жалпы жағдайына әсер етеді. Сондықтан қоректендіру дұрыс жасалмаған жағдайда жайқалған әдемі гүл өсіремін деу бекершілік.


Тыңайтқыштарды қалай дұрыс қолдану керек?

Бөлме гүлдеріне тыңайтқыш қолдану олардың өсімдіктің түрлеріне байланысты. Кейбір өсімдіктерді тек қана күзде құрғақ тыңайтқышпен қоректендіру қажет болса, өзге біреулерін суғару керек. Ең маңыздысы көбірек нәтижеге қол жеткіземін деп, мөлшерден артық қолданбау.


Минералды тыңайтқыштар

Тыңайтқыштың бұл түрін қолданудың өзіндік құпиялары бар. Көп ретте минералды тыңайтқыштарды салқын маусым басталардан алдын, күн қысқарған мезгілде және өсімдіктерді ауыстырып отырғызған кезде пайдаланылады. Бірақ көктем мен жаз мезгілінде де минералды тыңайтқыштарды дұрыс қолданса, жақсы нәтиже береді.

  • Сақтау мерзімі өтпеген тыңайтқышты пайдалану керек. Мерзімінен 2 күн асып кетсе де ол өсімдіктерге пайдасын емес зиянын тигізетін болады.
  • Мөлшерін дәл нұсқаулықтағыдай өлшеу керек. Артық мөлшер өсімдіктерге зиян.
  • Азотты тыңайтқыштарды герметикалық ыдыста сақтаған дұрыс. Бұл химиялық элемент ұшқыш келеді, сондықтан ол өз сапасын жоғалтуы мүмкін.
  • Бөлме гүлдері үшін ең ыңғайлысы - түйіршікті тыңайтқыш. Тыңайтқыштың осы түрлері жақсы сіңеді, жақсы нәтиже береді.
  • Минералды тыңайтқыштар бөлме гүлдерінің бойының, жапырақтарының өсуіне жақсы ықпал етеді.

Тыңайтқыштарды үй жағдайында жасау

Халық арасында тыңайтқыш ретінде кеңінен пайдаланылатын шай, кофе қалдығы, жұмыртқа қабығы, тағы да басқалары дұрыс қолданылмайды. Мысалы, кофе қалдығы топырақты қышқылдандырып, өсімдіктің өспей, тіпті қурап қалуына алып келеді. Шай қалдығын тек дренаж ретінде, ал жұмыртқа қабығын топырақты қопсыту үшін қолданған жөн. Алайда қолдағы бар заттардан да бөлме гүлдері үшін түрлі пайдалы тыңайтқыштар жасауға болады.

  • Қант. Қанттың құрамындағы глюкоза бөлме гүлдері гүлдеген уақытта ең қажетті тыңайтқыш. Ол үшін бар болғаны екі аптада бір рет гүлдеп тұрған өсімдіктердің топырағына 0,5 шәй қасық шекерді араластырып отыру керек. Артынан мол етіп су құйыңыз. Нәтижесінде өсімдіктер молынан және ұзақ гүлдейді.
  • Бананның қабығы. Банан қабығы калийдің көзі. Тек оны дұрыс дайындап пайдалана білген жөн. Алдымен қабықты 7 күн кептіріп қою керек. Содан кейін ұсақтап ұнтақ жасаймыз. Ұнтақты гүлдерді ауыстырып қондырған кезде топыраққа араластырып (1 орташа көлемді ыдысқа 1 ас қасық қабық ұнтағы) пайдаланады.
  • Ағаштың күлі. Мұнда азот өте мол болады. Азот өсімдіктің жақсы өсуіне, жаңа өскіндерді молынан шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ ағаштың таза күлі, зиянкестерден сақтайды. Бар болғаны күлді ыдыстағы топыраққа өсімдікті ауыстырмай-ақ, тұрған жерінде 2 ас қасық салып араластырасыз.
  • Сыра ашытқысы (Пивные дрожжи) — өсімдіктің гүлдеуі мен өсуіне жақсы ықпал ететін табиғи таза тыңайтқыш. Топыраққа араластырған соң тамырдың нығаюына, жақсы тамырлауға көмектеседі. Ол үшін: 10г сыра ашытқысына 1 шай қасық қант және жарты стақан жылы сумен араластырып, жылы жерге 20 минутқа тұндырамыз. Осы тұнбаны 1 л суға араластырып бөлме гүлдерін суғарамыз.
  • Марганец ерітіндісі (марганцовка) - бақша тыңайтқышы ретінде кеңінен қолданылады. Ал бөлме гүлдері үшін оларды ауыстырып отырғызғанда тамырларын залалсыздандыру үшін пайдаланылады. Ол үшін әлсіз (ашық алқызыл түсті болуы тиіс) марганец ертіндісіне гүлдің тамырларын 2-3 минутқа салып аламыз.
  • Ас содасы. Ас содасы топырақтың қышқылдылығын төмендету үшін пайдаланылады. Егер гүлдер өз-өзінен солып, өңі кетіп жатса, онда мына қоспаны жасап, суғарып көру қажет.

Ескерту! барлық тыңайтқышты жиі-жиі беруге болмайды. Бір рет тыңайтқыш берген соң келесісі екі аптадан кейін болғаны дұрыс.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Шаңсорғыш туралы ҚАТЕ ТҮСІНІКТЕР