КІРЛЕГЕН кілемді ШИКІ КАРТОП пен АШЫҒАН ҚЫРЫҚҚАБАТ жақсы тазартады

0
7 037

Жаңадан алынған кілемдерді шаңсорғышпен тазалауға болмайды.


КІРЛЕГЕН кілемді ШИКІ КАРТОП пен АШЫҒАН ҚЫРЫҚҚАБАТ жақсы тазартады

Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан үй-жайды үнемі таза ұстауға тырысамыз.

Қыс мезгіліне қарай үйді әктеп, сырлап, ауыр төсеніштердің барлығын жуып-шайып тазартамыз. Алайда зат болған соң қайта кірлейді, былғанады, тазалауды қажет етеді. . Бірақ кілемді күн суықта, қыста тазарту көпшілігімізге ұнай қоймайды, жусаң кебуі де қиынға соғады.

Кілем тазалау қиын жұмыс секілді көрінуі мүмкін, бір Сіз ойлағандай емес. Бар болғаны жуу, тазарту құралдарын дұрыс таңдап, пайдалана білсеңіз болғаны.


Кілемді үй жағдайында тазаламас бұрын алдымен төмендегі жағдайларды ескеріп, ұсынымды назарға алған жөн. Бұл кілемнің түрін, түсін, сапасын құртып алмау үшін қажет.


  • Ыстық су. Кілемді ыстық су құйып жууға болмайды. Жуу үшін бөлме температурасындағы салқын су пайдаланған жөн.
  • Қатты щетка. Бұл затты да кілем жуғанда пайдалануға болмайды. Кілемнің түгін бүлдіріп, жарамсыз етеді.
  • Қарсы бағытта тазалау. Түкті кілемдерді түгіне қарай қарсы бағытта тазалау кілемді бүлдіреді.

Шаңсорғышпен тазарту. Жаңадан алынған кілемдерді шаңсорғышпен тазалауға болмайды. Жаңа кілемді төсегеннен кейін тек 6 ай өткен соң ғана шаңсорғышпен немесе қағып тазалау ұсынылады. Бұл кілем түгінің біраз басылып, жатығуы үшін қажет. Оған дейін сыпырғыны шамалы сулап сыпырып алған жөн.


Кәсіби тазарту құралдары

Қазір кілем тазартатын арнайы құралдарды кез-келген дүкен мен сауда орындарын табуға болады. Кәсіби тазарту құралдары негізі төртке бөлінеді:

  • Сусабын (шампунь) – бұл кілемнің барлық түріне жарай береді. Кілемдегі кірді жақсы тазалайды, бүлдірмейді, оңай қолданылады. Бар болғаны суға көпіртіп алып, көбікті кілемнің бетіне жағып, біраз уақыт өткен соң шаңсорғышпен тазартып алу керек.
  • Спрей – бұл құрал тек қана қалың түкті кілемдерге арналған. Кілемнің бетіне сеуіп, жұмсақ щеткамен тазаланады. Тазалап болған соң шаңсорғыш пайдаланылады.
  • Ұнтақ (порошок) – бұл құрал синтетикалық қоспасы бар және қысқа түкті кілемдерді құрғақ тазалап алуға арналған. Кілемнің үстіне сеуіп, щеткамен ысқылап болған соң шаңсорғышпен тазаланып алынады.

  • Дақкетіргіш – мұндай құралдар әмбебап болады немесе арнайы бір материалдарға арналған болады. Тек қана дақ тиген жерге ғана пайдаланған жөн.


Арнайы құралдарды пайдаланғанда нұсқаулықты мұқият оқып шығу керек. Ашық түсті кілемдерді үй жағдайында тазартқан кезде алдымен білінбейтін бөлігіне сынақ жасап көру ұсынылады.


Кілемді үй жағдайында халықтық әдістермен тазарту –денсаулыққа зиянсыз және қолжетімділігімен тиімді.


Ас содасымен тазарту

Кілем тазартуда ең тиімді, қолжетімді, зиянсыз құрал. Химиялық құрамына байланысты ас содасы кілемдегі сіңіп қалған кір мен жағымсыз иістерді кетіреді. Содамен тазарту үшін:

  • 100г ас содасын 5л суға жақсылап ерітіп араластырылады
  • Бүріккіштің көмегімен кілемнің бетіне дайындаған содалы суды бүрку керек
  • Жарты сағаттан соң шаңсорғыштың көмегімен тазартып алу керек

Күн салқын болған кезде ас содасын құрғақтай кілемнің бетіне сеуіп, жұмсақ щеткамен ысып, артынан шаңсорғышпен тазартылады.


Ашыған қырыққабат (квашенная капуста) және шикі картопта жақсы көмектеседі

Кілем тазалаудағы өте ерекше және ертеден келе жатқан халық әдісі. Мұндай тәсілмен тазарту біршама уақыт алады. Кез-келген кілем түріне жасала береді, ешқандай зияны жоқ, өте керемет тазартады.


  • Ашытылған қырыққабаттың суын жақсылап сығып алу керек. Кірленген кілем бетіне сығылған қырққабатты жайып щеткамен ысқылау керек. Біраз ысқылаған соң қырыққабтты қайта жинап, суға бір салып шайып, сығып кілем бетіне қайта жайып тастау керек. Кілем беті тазарғанша бірнеше мәрте қайталау керек.

  • Шикі картопты ірі көзді үккіштен өткізіп, кілем бетіне жайып, щеткамен ысқылау керек. Картоп кірлеп кеткен соң жиып алып, суға бір шайып сығып қайта алдыңғы әдісті қайталаймыз.

Ас тұзымен кілемді жиі тазарту қажет

Ас тұзы астың дәмін келтіруден өзге шаң мен майды, кірді өзіне сіңіріп алатын қасиетке ие. Ас тұзын пайдаланудан алдын кілемді жақсылап қағып алу керек. Содан кейін тұзға аздап су қосып кілемнің бетіне жағып шығу керек. Жарты сағаттан соң ерімеген ірі тұздарды қолмен теріп алып, қалғанын шаңсорғышпен тазарту ұсынылады. Шаң мол жиналып қалмауы үшін, тұзбен тазарту әдісін жиі пайдалану ұсынылады.


Шәймен қарақошқыл түсті кілемдер жақсы тазарады

Тазарту кезінде жаңа демделген шәйдің шәмесін пайдалану керек. Шәмені кілем бетіне сеуіп құрғағанша күту қажет. Толық құрғаған соң шаңсорғышпен тазартылады. Шәме құрғағанға дейін кілемдегі кейбір иістерді, шаң мен кірді өзіне тартып алады.


Мүсәтір спиртімен түгі қалың кілемдерді тазалаймыз

Алдымен қоспа дайындап алу керек. Ол үшін: 5л су мен1 ас қасық мүсәтір спирті және кір жуу ұнтағы керек. Барлығын араластырып щетканың немесе майлықтың көмегімен тазартып алу керек.


Тағы оқыңыздар: Жеп болдыңыз ба? ҚАБЫҒЫ мен ҚАЛДЫҒЫНАН қайта өсіріп алыңыз

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ