Жеп болдыңыз ба? ҚАБЫҒЫ мен ҚАЛДЫҒЫНАН қайта өсіріп алыңыз

0
4 550

Кейбір көкөністердің қалдығын қоқысқа тастамай, үй ішінде өсіруге болады.


Жеп болдыңыз ба? ҚАБЫҒЫ мен ҚАЛДЫҒЫНАН қайта өсіріп алыңыз

Желінген немесе ас дайындаудан қалған көкөніс, жеміс-жидектердің қалдығын тастауға асықпаңыз! Себебі оларды үй жағдайында тағы да өсіріп, қажетіңізге жаратып, сүйікті көкөністеріңізден өнім алуға болады. Ол үшін тек қана аздаған су, топырақ және сабыр қажет.


Ромэн салаты

Көкөністің бұл түрі қазір елімізде кеңінен танымал. Түрлі, ерекше салаттардың қоспасына айналған бұл көкөністі, үйде өсіруге болады. Ол үшін арнайы көшет пен дәннің қажеті жоқ, бар болғаны салат жасағаннан соң түбінде қалған, қажетсіз қатты түбірін қоқысқа тастап жібермесеңіз болғаны. Өзіңіз егіп өсірген көкөністің сапасы да дәмі де ерекше болары сөзсіз.

Көкөністің түбін суға салып тамыр шығарып алу керек. Тамыры шыққан көкөністі топыраққа қондырып, күннің көзі мол түсетін терезенің алдына немесе бөлмеге қойыңыз және суғарып тұруды ұмытпаңыз. Шамалы уақытта-ақ жаңа жапырақтар пайда бола бастайды.


Пияз

Пиязды күнделікті тұтынбайтын жан кемде-кем болар. Әсіресе көктемді еске түсіретін көк пиязды салатқа да, ас-ауқатқа да молынан пайдаланып жатамыз. Пияздың шашағы бар түбіртегін кесіп тастаған соң 2-3 күн кептіріп алу керек. Содан кейін топыраққа отырғызып, суғарып тұрыңыз.


Насыбайгүл (базилик)

Насыбайгүл көп ретте салаттарға, оларды әрлеп, сәндеу үшін пайдаланылады. Насыбайгүлдің 2-3 талын алып суға салып қою керек. Тамыр шығарғанша ыдыстағы суды ауыстырып отырған жөн. Тамыры 5 см шамасына жеткенде топыраққа отырғызу керек.


Сәбіз жапырақтары

Әрине, сәбіз жапрақтарынан бүтін сәбіз өсіп шықпайды, дегенмен салат жасауға қосуға болатын өнім алуға болады. Сәбіздің түп жағын үлкендеу етіп қалдырыңыз, кесілген жағын төмен қаратып суға салып қою керек. Суға сәбіз жарты белінен батып тұруы керек. Ыдысты терезе алдына қойыңыз. Екі апта шамасында жапырақтар шыға бастайды.


Сарымсақ

Сарымсақтың пайдасы мол екені белгілі. Егер үйдегі сарымсақтардың кейбірі шамалы өне бастаса қоқысқа тастап жібермей, суға салып қойсаңыз, сарымсақ өніп ас ауқатқа қосатын өнім береді.


Ананас

Бізге Жаңа жылмен қатар ананас та ере келеді. Әрине кез-келген көкөністі жылдың кез-келген мерзімінде табуға болады. Бірақ ананас бізге көп ретте қысқа қарай келеді. Ал енді осы ананасты үйде өсіруге болады. Қоқысқа кететін жасыл, қатты, шырша секілді жапырақтарынан қайта өнім алуға болады. Ол үшін төмендегі әдісті пайдалана аласыз.


Ананастың жақсы піскен, төбесіндегі жапырақтары қалың әрі қурамағанын алу керек. Өткір пышақпен ананастың жоғарғы бөлігін, яғни, жапырақшаларын кесіп алыңыз. Содан кейін жемістің сабағын етінен аршып тастайсыз. Аршыған кезде тамыр шығаратын бүршіктердің орны байқалады. Жапырақтардың ұштарын да біркелкі етіп қырқып тастайсыз.

Аршып-тазалап 2-3 күн кептіріп қою керек. Кесілген жерлерін ағаш күлімен ысқылап жіберсеңіз шіруден сақтайды. 2-3 күннен соң стақандағы суға салып қойыңыз. Ескеретін жайт - жапырақтар судың ішіне түспеуі керек. Ананастың тамыры екі аптадан кейін байқала бастайды. Тамырлары 5 мм-ге жеткенде ананасты топыраққа отырғыза беруге болады.


Картоп

Егер қысқа картопты артығымен алып қойып немесе жылы жердегі картоптар өніп бастаса, көңіліңіз түспесін. Өнген картоптарды кең ыдысқа егіп қойыңыз. Суғарып тұруды ұмытпаған жөн.

Ол үшін қағаз картондар мен қалташалар жарайды. Ішін құнарлы топырақпен толтырасыз да, астына су өткізбейтін ыдыс қойып, жарық түсетін, бірақ аса суық емес бөлмеге қоясыз.


Біле жүріңіздер: Асүйдегі майдың иісін қалай кетіруге болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ