Көшетті таңдағанда ТАМЫРЫН КЕСІП көреді

0
5 601

Дұрыс таңдалған көшет келешек мол жемістің, әдемі бау-бақшаның кепілі.


Көшетті таңдағанда ТАМЫРЫН КЕСІП көреді

Алдымызда жеміс ағаштарын отырғызатын уақыт келе жатыр. Бір-екі жылдан өз саудаңызға өкінбес үшін көшет сатып алар кезде төмендегі қарапайым кеңестерді есте сақтай жүріңіз. Бау-бақша өзінің мол сапалы жемісімен қуанту үшін жеміс ағаштарының көшетін сатып аларда өте мұқият болған дұрыс.


Көшетті қайдан алған дұрыс?

Жеміс ағаштарының көшеттерін арнайы дүкендерден, таныс сатушылардан немесе таныстар ұсынған орындардан алған жөн. Ал егер базардан, көшеден сатып алатын болсаңыз алдымен сатушыға жақсылап қарап алу керек. Оған жеміс көшеттерінің сұрыптары, оларды қалай таңдау керек, қандай күтім қажеттігі турасында бірнеше сұрақ қойып көрген жөн. Егер сұраққа мардымды толыққанды жауап ала алмасаңыз, онда ол жерден сауда жасамай-ақ қойған абзал.

Сондай-ақ көшеттің қандай жерде сақталып тұрғанына да мән беріп қараған жөн. Тамырлары құрғап қалған немсе ретсіз бей берекет шаң тозаң арасында, күннің астанда тұрған көшеттерді сатып алудың қажеті жоқ.


Көшетті қай уақытта сатып алған дұрыс?

Көшеттерді күн жылынып жер қыза бастаған кезде еккенмен олардың сатылымы қыстың орта кезінен-ақ басталып кетеді. Алайда көшетті алдын-ала алып қоюға болмайды. Себебі оны егемін дегенше қурап, өнбей қалуы мүмкін. Сондықтан көшетті егетін уақытта ғана сатып алған жөн. Ал егер ерекше, сирек кеездесетін сұрыптар болып, көктемгі жер қызып егетін уақытқа дейін сатылып кетіп таппай қаламын деген қорқыныш болса, онда ерте кезден сатып алып тәуекелге баруға тура келеді.


Көшеттің тамыры

Көшеттерді арнайы ыдыстарда немесе топырақта өсіреді. Жерде өскен көшеттердің тамыр жүйесі ашық көрініп тұрғандықтан оны жақсылап қарап, көріп алуға болады. Бұл жерде тамырдың ылғалдылығы мен ұзындығына назар аударған жөн. Тез өсіп-өніп кететін тамырдың тармақшалары көп болады. Мұндай көшеттер енді бүр жарған кезінен бастап, жапырақ ашып, сарғайғанша, яғни күзге дейін сатылымда бола береді.


Сондай-ақ көшеттің сатылымға дейін қанша уақыт бұрын қазып алынғаны да маңызды. Уақыт өте аз болса, яғни қазып алынған уақыт 2-3 күн деген секілді болса өте жақсы. Мұндай көшеттердің бірден жерсініп көктеп кетуіне мүмкіндік көп. Көшеттің тамыры өзінің қазып алған кездегі аздаған топырағымен бірге болса тіпті жақсы.


Егер көшет арнайы ыдыста өсірілген болса, онда оны жақын арада ауыстырып қондырмағанына көз жеткізу қажет. Көшет бұрыннан сол ыдыста өскен болса, онда оның тамыры ыдысқа нықталып, кептеліп тұруы керек. Ал жақын арада қайта отырғызылған болса, көшет оп-оңай ыдыстан алынып тамырлары бос болып тұрады.


Көшеттің майда тамырлары көп болмаса, онда ол жиі ауыратын болады. Егер тамыр қара түске жақын немесе онда қандай да бір дақтар болса мұндай көшетті алмаған дұрыс.


Сыртқы түріне қарап таңдау

Көшет таңдауда сыртқы түріне де мұқият қараңыз. Ол солғын тартқан немесе өте лай, лас болмауы керек. Қабығында ешқандай сызат немесе жырық болмағаны жөн. Егер көшеттің бүйіріндегі бұтақшалары сәл қысып ұстағанға сынып кетіп жатса, демек көшет құрғап қалған. Көшеттің түсі бүйіріндегі бұтақшалардан сәл ғана (1 тон) қою түсте болуы керек.


Көшеттің бойы да көп жағдайдан хабар береді

Біржылдық жеміс ағашы көшетінің бойы шамамен 1,20 м, ал сүйекті жеміс ағашында - 1,40 болуы керек. Егер көшеттердің бойы мұнан кіші болса, демек ол дұрыс күтіп бапталмаған, уақтылы су, тыңайтқыш берілмеген немесе ауырған болуы мүмкін. Егер бойы қалыптан ұзын болса, онда оны өте көп тыңайтқыш беріп, күтіп-баптаудың ережелері дұрыс сақталмаған. Мұндай көшеттер шамалы суыққа шыдамайды, төзімсіз келеді.


Жапырағы болуы керек пе?

Жапырақты көшеттер өте әдемі көрінеді және бұларды тез өніп кетеді деп қателесеміз. Себебі жапырақ көшеттің бойындағы ылғалды сыртқа шығарып, оны құрғатып жібереді. Сондықтан мейлінше жапырағы жоқ көшетті таңдаған дұрыс.


Көшетті қалай сақтаған дұрыс

Егер көшетті сатып алып, егуге ауа-райы немесе жағдай қолайлы болмаса, онда уақыты келгенше сақтау керек. Ол көшетті полиэтилен қалта, қапқа су құйып соған салып қойған дұрыс. Сол күйі қараңғы жерде 1 апта көлемінде сақтауға болады және ауа-температурасы 10 градустан жоғары болмауы керек. Ал арнайы ыдыстағы көшеттерді қараңғы жерде 1айға дейін сақтауға болады.


Өзге де қажетті кеңестер:

  • Сатып алардан алдын көшетті шамалы майыстырып көру керек. Сау көшет мұндай кезде бірден орнына қайта келуі тиіс.
  • Егер жапырағы бар көшетті сатып алған болсаңыз, онда жоғарғы жағынан 3-4 жапырақ қана қалдырып, төменгі жағын кесіп тастаған жөн.
  • Тамырының ұш жағынан кішкене кесіп көру қажет, егер кескен кезде ортасы ақшыл түсте болса, демек көшетті сатып алуға болады. Ал қара түсті болса, онда ол көшеттің тұрғанына ұзақ уақыт болған.

Жеміс ағаштарының көшетін таңдау жауапты істердің бірі. Себебі дұрыс таңдалған көшет келешек мол жемістің, әдемі бау-бақшаның кепілі.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Оқи отырыңыз: Қапта өсірген КАРТОП екі есе ӨНІМ береді

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ