Мультиқазанның жағымсыз иісінен құтылу үшін МЫНАНЫ пайдаланыңыз

0
1 675


Мультиқазанның жағымсыз иісінен құтылу үшін МЫНАНЫ пайдаланыңыз

Техниканың дамығаны қыз-келіншектердің жұмысын біршама жеңілдетіп тастады. Әсіресе ас-үйдегі жұмыстарға арналған неше түрлі ыдыстар - шырыныңды да сығып береді, ешқандай түйіршіксіз араластыруға да қауқарлы, тіпті дайындап, турап салып кетсең, жұмыстан келгенше ас-ауқатты да пісіріп қояды.

Қазір бұрынғыдай от жағып, отын тасып жүрген қыз-келіншектер жоқтың қасы. Техника біткен қаланың да ауылдың да ас үйін жаулап алған. Алайда әзірге ас пісірген, ішкен ыдыстарды жуып –тазалау қыз-келіншектердің өз қолында. Ендеше, үй-тұрмыс айдарында сіздерге қазіргі кезде қыз-келіншектердің көпшілігі пайдаланатын мултипісіргіш немесе әмбебап пісіргіш (мультиварка) тазалығы туралы кеңес ұсынамыз.


Мультипісіргішті жууға, тазартуға дайындау

  • Алдымен құрылғыны ток көзінен ажыратып алу қажет
  • Егер жақын уақытта ас дайындаған болсаңыз, онда құрылғының толық салқындағанын күту керек
  • Егер құрылғының қақпағы бөлек алынатын болса, алып қойған жөн
  • Барлық алынатын бөліктерін сыртқа шығару керек
  • Қақпағы шешілмейтін құрылғының ысыту дискісіне су тиіп кетпес үшін, су өтпейтін материалмен орап қойған абзал


Маңызды! Мультипісіргішті сатып ала салысымен тазалықтан өткізу қажет. Кір сабын немесе ыдыс жууға арналған сұйықтықпен бір рет тазартып алсаңыз, шаң мен пластмассаның жағымсыз иісінен тез арылтады.


Мультипісіргіштің тостағанын қалай тазарту керек?

Мультипісіргіштің алынатын бөлшектері жеке-жеке жуылуы керек. Соның бірі ішіндегі тостағаны. Пісіргіштің тостағаны күйіп кетуден қорғайтын тефлон немесе керамика жабынымен қапталады. Олардың екеуі екі түрлі тазартуды қажет етеді.


  • Керамика жабынды тостаған

Керамикалық тостаған өзінің нәзіктігімен ерекшеленеді, сондықтан онымен жұмыс жасағанда өте мұқият болған жөн. Ыдысты тоқылдатып ұруға және ыдыс жуатын мәшинеге салуға болмайды. Керамика тостағанды тек қолмен аялап қана, ешқандай қырнағыш темірсіз, құрамында қышқылы бар затсыз тазарту ұсынылады. Сондай-ақ тазартқыш ұнтақтар (комет т,б) мен соданы да пайдалануға болмайды.

Керамика тостағанды тазалағанда кез-келген ыдыс жууға арналған гел тәрізді және сұйық тазарту құралдарын пайдаланған жөн.


  • Тефлон жабынды тостаған

Мұндай тостағандарды тазарту керамикаға қарағанда оңайлау. Дегенмен тефлонды тостағанды да қырнауға, құрамында қышқылы бар сұйықтықпен жууға болмайды. Беткі қабатта қырнаудан қалған іздер, уақыт өте ірі жарықтарға айналып ішіндегі астың сапасын бұзатын болады.

Алайда пенде болған соң кейде астың астын күйдіріп алып жатамыз. Ондай кезде ыдыстарды қырнауға болмаса қалай тазартамыз деген сұрақ туындайды.


Егер асты күйдіріп, ыдысқа жабысып қалса:

  • Ыдысқа су құйып шамалы жібітіп, ағаш немесе қатты қозғауышпен (тек темір болмасын) қырнап көру қажет!
  • Егер қырнағаннан кетпесе, онда жарты литр суға 1 шәй қасық ас содасын салу керек
  • Ыдысты мультипісіргіштің ішіне салып, "пісірме" (выпечка) тәртіптемесін басу қажет, қақпағын ашық қалдырамыз
  • Қоспа 10 минут қайнауы керек, кейін өшіріп қойылады.
  • Жарты сағаттан соң ағаш қозғауышпен мұқият қырып тазалап, жұмсақ ысқышпен және ыдыс жууға арналған сұйықтықпен тазарту қажет.

Тура осы тәсілмен, тек соданың орнына стақан суға жарты лимонның шырынын сығып пайдалануға болады. Лимонмен тазарту ыдыстағы жағымсыз иісті де жойып кетеді.

Халықтық әдіс тәсілдер

Заманауи асүй техникасын тазартуда халық әдістерімен жасалған заттар жақсы көмектеседі. Халық әдістерінің басты ерекшелігі - қолда бар заттардан жасалады, құрамында ағзаға зиянын тигізер химикаттар болмайды.


Кір сабын

Кір сабынның құрамы кір мен майды тез арада ерітіп жібере алатын қоспаларға бай келеді. Көп адам кір сабынның өзгеше иісін жақтыра қоймайды, дгенмен оның осы иісі ыдыстағы күйік пен жағымсыз иісті жойып жіберуге қауқарлы. Кір сабынды пайдалану өте оңай, бар болғыны ыдыс жуатын ысқышты жақсылап көпіртіп сабындап алып, кір, май болған аймақтарды сүртіп шығу укерек. Кейіннен таза сумен шайып алынады. Егер кір сабын үлкен әсер берсін десеңіз оған бірнеше тамшы майға қарсы (антижир) қосып жіберу керек.


Лимон шырынымен тазарту

Лимон ерітіндісі мультипісіргішті майдан, кірден ғана емес, жағымсыз иістен де оңай арылтады. Ол үшін:

  • Алдымен 1 лимонды бірнеше бөлікке бөліп алу керек
  • Лимон бөліктерін мультипісіргішке салып, үстінен 1 литр су құю құямыз
  • Мультипісіргіштің қақпағын жауып, "Булау" (пар) тәртіптемесіне 30 минутқа қою қажет.
  • Пісіргіштегі уақыт белгі берген соң, тағы 5-10 минут күтіңіз. Кейін мультипісіргіш ішіндегі тостағанды алып, жұмсақ майлықпен, сорғышпен жақсылап жуып тазарту керек.

Кеңес! Егер лимон шырыны болмаса, оның орнына жарты щәй қасық лимон қышқылын пайдалануға болады.


Сірке суын екі тәсілмен қолдануға болады

Асүйде қолданылатын сіркесуы тура лимон шырыны секілді әсер етеді - жағымсыз иіс пен кір, майдан арылтады. Сіркесуын 2 тәсілмен қолдануға болады - булау және тазалау ерітіндісі.


1-ші тәсіл. Булау:

  • Ыстыққа төзімді ыдысқа 1 стақан таза суға 1 ас қасық сіркесуын қосып, ыдысты мультипісіргіштің тостағанына салу керек.
  • Қақпағын жауып "Буда дайындау" тәртіптемесін басып, 30 минутқа қоямыз.
  • Пісіргіштегі уақыт белгі берген соң, тағы 5 минут күтіңіз. Кейін мультипісіргіш ішіндегі тостағанды алып, жұмсақ майлықпен, сорғышпен жақсылап жуып тазартып аласыз.

Ал буға айналған сіркесу кір мен майды жібітіп жібереді. Сондықтан мультипісіргіштің тостағаннан өзге бөліктерін алдымен дымқыл, артынан құрғақ майлықпен сүртіп, тазартып алу керек.


2-ші тәсіл. Салқын тәсіл:

  • 1 литр таза суға 1 үлкен ас қасық сіркесуын араластырамыз. Мата майлықты осы қоспаға салып, жақсылап сығамыз.
  • Осы майлықпен мультипісіргіштің іші сыртын тазалап сүртіп шығу керек. Егер кей жерлерінде май мен кір кетпей қалғандай болса, қайталап тағы бір сүртіп шығу қажет. Кейіннен қайта құрғақ майлықпен бір сүртіп алынады.
  • Егер сіркесуының өткір исі ұнамаса, онда алма сіркесуын пайдаланған жөн.

Назарыңызға! Бірінші тәсіл қатып қалған, біршама май мен кір сіңген жағдайда, ал екінші тәсіл күнделікті тазартуда қолданылғаны дұрыс.


Ас содасы

Ас содасынан дайындаған қоспаны мультипісіргіштің тек сыртқы жағын және сырылып кетпейтін болса ғана ішін тазалауға қолдану керек.

  • 30-50 мл таза суға 2 ас қасық ас содасын салып, ботқа тәрізді қоспа дайындау керек. Осы қоспаның аз ғана бөлігін сорғышқа жағып алып, кірленген, май болған аймақтарды ысқылап тазарту қажет.
  • Кейін ылғалды майлықпен сүртіп, тазартылады.


Мультипісіргіш ұзақ уақыт тазалығын сақтау үшін кейбір ережелерді сақтай жүріңіз

  • Пісіргіштің іші немесе сыртына тиген дақты, кірді бірден тазартып тастауға тырысыңыз
  • Сұйықтықтың тостағанның сыртына асып кетпеуін қадағалаңыз
  • Бу шығуға арналған тесікті толық жауып қоюға болмайды, егер ауа айналымы болмаса пісіргіш ішінен жағымсыз иіс шығатын болады.
  • Әрбір жуып тазартқан соң толықтай кептіріп, тек содан кейін ғана ток көзіне қосыңыз.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:

Нан КӨГЕРІП, ҚАТЫП немесе арасы БЫЛЖЫРАП кетпесін десеңіз...