Пештің түтіндігі тартпай қалды ма? Картоп "көмектеседі"

0
6 383

Картоп қабықтары түтіндікке ыстың қақталып қалуынан сақтайды.


Пештің түтіндігі тартпай қалды ма? Картоп

Күн салқындап, пеш жағатын кезең келді. Әрине қазір көпшілік көп ретте көгілдір отынды тұтынуда. Алайда пешті пайдаланатындар қатары әлі де аз емес. Ал пеш жағатындар ең алдымен қауіпсіздік ережелеріне мән беру қажет екенін біледі. Ал пештегі басты қауіп түтіндіктің ысқа толып қалуы. Ыстың қақтанып тұрып қалуынан жаққан оттың түтіні сыртқа шыға алмай кері қарай, яғни үй ішіне ұрады, от жанбай, үй салқындап, біраз әбігерге салатыны тағы бар. Қазір ысқа толған түтіндікті тазартатын арнайы құрылғылар бар. Алайда бұл біріншіден қаражатты талап етеді, екіншіден тазалаушыны күтіп уақытыңыз жоғалады. ERNUR.KZ Cіздер үшін арнайы түтіндікті тазалаудың оңай, ыңғайлы, халық арасына кеңінен таралған әдіс –тәсілдерін жинақтап ұсынады.

Негізі пешті жаңадан пайдалана бастағаннан кейін түтіндікті алғашқы тазалау жұмыстары 1,5 – 2 жылдан кейін жүргізілуі керек.Осы уақыт ішінде түтіндікке кем дегенде 2мм ыс жиналады. Ал ары қарай түтіндікті жылына екі рет тазалау қажеттілігі туындайды. Мұндай тазарту жұмыстары негізінен көктем мен күзде жасалғаны дұрыс. Түтіндікті тазалаудың 3 түрі бар: биологиялық, хмимиялық және механикалық.

Биологиялық тазарту тәсілдері. Биологиялық тәсілмен тазарту түтіндікте ыстың қақталып жиналуынан сақтайды. Картоп қабықтары, крахмал, ағаш отын т.б арқылы түтіндікті ыстан тазарту жолдары биологиялық болып есептеледі. Қарапайым және қажетті заттардың оңай табылатыны үшін Мұндай тәсілдер халық арасында кеңінен тараған.

  • Картоп қабықтары ыс жиналуынан сақтайды. Жарты шелек кеуіп қалған картоп қабықтары. Жанып жатқан от үстіне құрғап кеуіп қалған қалдықтарды салу керек. Бірден жанған картоп қабықтарынан үлкен көлемдегі крахмал бөлініп, түтіндіктегі ысты жібітеді. Егер ыс қақталып жинақталып қалған болса, онда картоп қабықтарын жаққан соң, түтіндікті механикалық әдіспен тазартып жіберу қажет. (механикалық әдіс туралы төменде жазылған)
  • Көктеректен (осина) кесілген отын – өте тиімді тәсіл. Көктеректің қызуы өте қатты болғандықтан, ошақтағы от басылған кезде салу керек. Оның ыстық жалыны түтіндіктің қабырғаларындағы қақталаған ыстарды жағып жібереді. Тек мұндай тәсілді қолданғанда мұржадан шыққан от ұшқындарына абай болған жөн.

  • Жаңғақтың қабығымен де түтіндік өте жақсы тазарады. Жаңғақтың қатты қабығы отта өте жақсы жанады және қатты қызу бөледі. Сондықтан пешке бір салғанда 2келіден артық жаңғақ қабығын салуға болмайды.

  • Нафталиннің де көмегі күшті. Нафталинді көпшілігіміз апа-әжелеріміздің күйе түспес үшін сандыққа салатын дәрісі ретінде білеміз. Нафталиннің тек бір ғана таблеткасын жанып жатқан отқа салсаңыз, қақталған ыстарды жоғары қарай түтінмен бірге ала кетеді. Тек нафталиннің иісі өте өткір, сондықтан үй ішіне аздап сіңіп қалуы мүмкін.

  • Көк қоспа дайындап бітелген түтіндікті тазартуға болады. Көк қоспа - тотияйын (медный купорос) – 5 бөлік, селитра – 7 бөлік, кокс көмірі - 2 бөлік, барлығын ұнтақтап араластырып алу керек. 20 гр шамасындағы қоспаны қызып тұрған пешке салып, есігін және күл шығаратын тесігін жауып қою қажет. Бұл қоспаны ашық үлгідегі ( камин) пештерге пайдалануға болмайды.


Хмиялық тәсілмен тазалау. Қазір дүкендерде түтіндікті тазалауға қолданылатын арнайы химиялық таблетка, қоспалар т,б заттар бар. Бұларды қолданғанда бөлінетін газдың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Барлық заттардың сыртқы қаптамаларында қолдану және пайдалану нұсқаулықтары бар. Мұндай заттарды арнайы дүкендер мен сауда орындарынан табуға болады.

Қақталған ысты механикалық тәсілмен тазалау. Механикалық тәсіл- түтіндік 2мм қалың ыспен қақталып қалғанда қолданылады. Бұл тәсілді қолданбас бұрын алдымен пешті дайындап алу қажет. Ол үшін, картоп немесе жаңғақ қабықтарын, көктеректен от жағып, яғни биологиялық тәсілдердің бірін қолданып ыс қағын жұмсартып алу қажет. Сондан кейін басында темір шөткесі бар немесе мата оралған иілгіш темір арқылы түтіндікті тазалап шығасыз.

Түтіндік тез ысқа толмас үшін қажетті шаралар. Түтіндік тез толып, әбігерге салмас үшін алдымен пешті дұрыс пайдалану керек. Ол үшін

  • Пешке қылқанжапырақты ағаштарды пайдалануға болмайды.Олардан көп шайыр (смола) бөлінетіндіктен түтіндіктің қабырғаларына тұрып қалады.
  • Түтіндікті толтырмау үшін биологиялық тәсілдерді қолданып, алдын-алу шараларын жүргізіп отыру керек.
  • Мүмкіндік болған жағдайда отты тұтатуға құрғақ ағаш пайдаланған дұрыс. Су отыннан ыс өте көп бөлінеді.
  • Пешті қоқыс өртейтін ошаққа айналдырмаңыз. Пластик бөтелке, ыдыстар немесе полиэтилен қалталар, резина секілді заттар еріп пеш ішінде қалып қояды.

Пештің түтіндігін уақтылы қарап, тазалап отыру отбасының басты қауіпсіздігі. Оның үстіне күн салқында әбігерге түсуден сақтайды.

Тағы оқыңыздар: Бақша мен бөлме гүлдеріне арналған тыңайтқышты оңай жасап алуға болады.

Дайындаған: Эльмира Абилханқызы

ERNUR.KZ.