Бақша мен бөлме гүлдеріне арналған тыңайтқышты оңай жасап алуға болады

0
4 015

Бұл үшін қалың қоқыс пакеті мен арамшөп, көкөніс қалдықтары, жапырақтар болса болды.


Бақша мен бөлме гүлдеріне арналған тыңайтқышты оңай жасап алуға болады

Кез-келген адам мүмкіндік болса, бағбан болмаса да, ауласына гүл отырғызып, бақшасы болса дақылдар егуге тырысады, тіпті болмағанда бөлме гүлін өсіреді. Алайда, өсімдіктерден жақсы нәтиже көру үшін, олардың қалыпты дамуы үшін әртүрлі микроэлементтер мен қоректік заттар қажет, яғни тыңайтқыш.

Дайын тыңайтқыштарды дүкендерден ақ ала салуға болады. Алайда қол астындағы заттардан, атап айтқанда арамшөптерден, шабылған шөптен, көкөніс, дақыл қалдықтарымен жіңішке бұтақтардан және күзде тау болып үйіліп қалатын жапырақтардан мықты тыңайтқыш алуға болатындықтан, артық шығын шығарып, тыңайтқыш сатып алудың қажеті жоқ.

Аталған заттардан компост жасау үшін негізі 2 жылдай уақыт керек. Бірақ осы процесті төмендегі тәсіл арқылы айтарлықтай жылдамдатуға болады. Бұл тәсілмен дайындалған тыңайтқышты 2 жыл емес, бірнеше ай ішінде қолдана беруге болады. Мысалы, компост дайындауға қазір кіріссеңіз көктемде дайын тыңайтқышты молынан пайдалана беруге болады. Мұндай компост қоқыс пакеттерінде дайындалады. Сондықтан тыңайтқыш дайындау үшін арнайы жер қазып әуре болудың қажеті жоқ.

Компост дайындау үшін:

  • Қоқыс салуға арналған қалың полиэтилен пакет қажет. Көлемі үлкен болғаны дұрыс, шамамен 120 мен 250л пакет.
  • Пакет ішіне ауыз жағы байланатындай шамада қалдырылып, арамшөп (топырағымен), көкөніс қабықтары, жіңішке бұтақтар, картон қағаз, жеміс қалдықтары т.б. салынады. Сонымен қатар аздаған топырақ құс қиы мен құрғақ қи қосылады. Тыңайтқыш тезірек дайын болу үшін, әрбір қапқа қосымша ағаш күлі (бір пакетке бір литрлік банка жеткілікті) және аммиак селитрасы (бір уыс) салынады. Пакет іші құрғақ болып қалмас үшін, аздап су сеуіп намдап қойған дұрыс.
  • Пакеттер толып болған соң нығыздап, аузын жақсылап байлау керек. Жабысқақ таспамен (скотчь) айналдыра орап бекітіп тастауға да болады.
  • Пакеттерді бақшаның немесе ауланың(бастысы өзіңізге ыңғайлы жерге) күн молынан, тікелей түсетін жеріне қою керек. Үш ай ішінде тыңайтқыш дайын болады.


Сондай-ақ осы тәсілді таңдаған болсаңыз, тыңайтқыш дайындау барысында назарға алатын жайттар:

Тыңайтқыш шикізатына жасанды заттарды, яғни пакет ішіне пластик, резина, синтетикалық заттар, ламинатталған қағаз қалдықтарын салуға болмайды. Сондай-ақ цитрусты жемістердің қабықтарын да пайдаланбаған жөн. Себебі аталған заттар өте баяу сіңіріліп, өңделеді, тығңайтқыштың дайын болу уақыты ұзаққа созылады. Сонымен қатар картоп сабақтарын да пакет ішіне салуға болмайды. Кейін пакетті ашқанда бірден аммияк иісі ұруы мүмкін.

Міне, мұндай тыңайтқышты көктемде бақшаға, ауладағы гүлдерге, бөлме гүлдеріне т.б пайдалана беруге болады. Бастысы қалтаға салмақ түсірмейді.


Тағы оқыңыздар: Бөлме гүлдеріне ТІС ПАСТАСЫН "беріп" тұрса, ЖАҚСЫ ӨСЕДІ

Дайындаған: Эльмира Абилханқызы

ERNUR.KZ.