​Шие ағашын ҚОРШАП қою керек

0
307

Шиенің барлық сұрыпының өскіндері аналық ағаш секілді өнім бермейді.


​Шие ағашын ҚОРШАП қою керек

Шие ағашы көпшілігіміздің бақшамыздан табылады. Ол аса бір ерекше күтімді қажет етпейді. Сөйте тұра мол өнім бере алады. Оның дәмді жемісі мен одан жасалған тосап, нәрсудың адам ағзасы үшін пайдасы мол. Алайда, күтімді аса қажет етпейді деп жемісті қараусыз қалдыруға болмайды. Себебі оның айналасына шығатын майда өскіндер анда-мұнда шығып үлкен мәселе туғызуы мүмкін. «Өссе өсе берсін, қайта мол жеміс береді» деген ойдан аулақ болу керек. Бақшадағы шиенің артық өскіндерінен ағашқа айналмай тұрып құтылған жөн.

Өскіндерден қалай құтылу керек? НЕГЕ? Бұл туралы төменнен біле аласыздар.


Біріншіден, артық өскіндер аналық ағаштың бар қорегін өздеріне тартып ала бастайды. Соның салдарынан мол, әдемі жеміс беріп жүрген ағаш, мардымсыз өнім береді.

Екіншіден, өскіндер айналасындағы өзге ағаштар мен көкөністерге кесірін тигізеді. Себебі олар кез-келген, қалаған жерінен шығып кетеді.

Үшіншіден, шиенің барлық сұрыпының өскіндері аналық ағаш секілді өнім бермейді. Сондықтан жабайы шыққан өскіндер мол жеміс береді деген қате ой.


Ең алдымен өскіндердің не үшін көп шығып жатқанын анықтау керек.

Шие өскіндерінің пайда болу себептері:

  • Жиі, бірақ аз-аздан суғару. Осылай суғару нәтижесінде топырақтың тек беткі қабаты ғана ылғалданып, тамыр тереңге тартпай жайылып кетеді.
  • Тамыр мен өскіндердің суыққа ұрынуы, ауруға шалдығуы.
  • Ағашты терең отырғызбау. Егер ағаш тамырлары топырақтың беткі қабатына жақын орналасқан болса, онда мол өскін өсіп шығады.
  • Шие ағашын дұрыс қырықпау. Егер шие ағашын қатты қырқып тастаса, онда ол қорқып, майда өскіндер пайда бола бастайды.

Осы себептерді басты назарға ала отырып, шие талының артық өскіндерінен құтылу үшін, бірінші кезекте ағашқа қажетті жағдайда күтім жасау керек: сирек, бірақ мол етіп суғару қажет, шектен тыс қырқып тастаудың қажеті жоқ,сондай-ақ зиянкестер мен аурудан қорғап отырған жөн.


Ал егер өскіндер бапқшаға жайылып үлгерген болса, онда төмендегі тәсілді қолданып көру керек.


Механикалық әдісі

Өскіндерден жәй қырқып тастау арқылы құтыламын деген тиімді нұсқа емес. Бұл тәсіл тіпті мәселе туындатуы мүмкін. Себебі түбінде қалған түбіртектен 2-3 өскін қайта өсуі әбден мүмкін. Сондықан қарапайым қырқып тастау арқылы бақшадағы жұмысыңыз еселеп артып кетуі мүмкін.

Шие өскінінен механикалық жолмен құтылуға болады, бірақ оны дұрыс жасау керек. Бірінші кезекте аналық ағашқа зиян тигізбей, шырын қозғалысы бәсеңдеген уақытта, яғни ерте көктемде немесе күздің аяғына таман қырқу қажет.

Екіншіден, өскінді тамырымен кесіп алу қажет. Ол үшін мүмкіндігінше аналық ағаш тамырымен көлденеңнен қиылысқан тұсынан кесіп алу керек. Кесуді өткір затпен жасап, кесілген жерді өңдеп қойған жөн.


Қоршау

Шие өскіндерінің бүкіл бақшаға жайылып кетуіне жол бермеудің тағы бір амалы – ағаштың тамыр жүйесін қоршау. Ол үшін шие талының тамырының айналасына топырақ ішіне шифер немесе қаңылтыр темірден қоршау жасау керек. Шамамен мұндай қоршаудың тереңдігі 60см және ағаштан 2 метр алшақ болғаны дұрыс. Әрине ағаш тамыры тереңге кетеді. Бірақ өскін көбейтетін қосалқы тамырлар топырақтың жоғарғы қабатында болады. Сондықтан айнала жасалған терең емес қоршаудан тамырлар асып кете алмайды.

Арборицид

Бұл – аналық ағашқа зиян тигізбей, бақшадағы қажетсіз өскен артық өскіндерді жоюға арналған препарат. Бұл препаратты ғаламтордағы дүкендерден табуға болады.


Оқи отырыңыз: Шашқа арналған кондиционермен үйдегі көп шаруаны бітіруге болады

Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет