Тарақаннан ҚҰТЫЛУҒА кәдімгі ПИЯЗ көмектеседі

0
37 801

Ал бөлме гүлдерінің ішінде тарақандардың "қас жауы" бар екенін білесіз бе?


Тарақаннан ҚҰТЫЛУҒА кәдімгі ПИЯЗ көмектеседі

Үй ішінде жәндіктермен көрші болу ешкімді де қуанта қоймасы анық. Әсіресе, ең көп кездесетін әрі жиркенішті тарақандармен...

Олармен күресудің қазіргі таңда көптеген түрлері кездескенімен, бұл мәселе әлі де басқатырарлық жағдайда. Тарақандардың жиіркенішті, денені тітіркендіретін түрінен басқа олардан келер қорқыныш көп. Тарақандар - түрлі жұқпалы ауру таратушылар. Бұл аурулар, әсіресе, балалар үшін аса қауіпті. Олардан біржола құтылу үшін аталған жәндіктер туралы көбірек ақпарат біліп, жақынырақ тани түскен дұрыс.

Төмендегі берілген кеңестер арқылы үй жағдайында, арнайы мамансыз-ақ тарақандардан біржола құтылуға болады.


Тарақандар. Үйлерде тарақанның екі түрі кездеседі: жирен (қызыл түсті) және қара. Тарақандар негізінен түнде шығады, ал күндіз еден мен қабырғалардың саңылауларына, ас үйдегі үстел маңында, еденнің ернеу ағаштрына, плиталарға, жылу және су өтетін құбырлар секілді кез-келген саңылау қуыстарға жасырынады. Олар азық-түлік және әртүрлі мата, жібек, жүн, қағаз қалдықтарымен қоректенеді. Тарақан азықты былғайды және сонымен бірге ішек құртының жұмыртқалары мен әртүрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын (дизентерия, ішсүзек, полиомиелит және т. б.) тасуы мүмкін.


Тарақандар НЕГЕ КӨБЕЙІП КЕТЕДІ?

Су. Тарақандар өте өміршең келеді және оларға ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін – су. Ылғал аз жерде олардың күндері санаулы, алайда тамшы судың өзі уланып өлейін деп жатқан жәндікті тірілтуге қауқарлы. Сондықтан қандай жағдайда да, әсіресе, ас бөлмесі мен жуынатын жердегі ылғалды құрғатып сүртіп алу керек. Су шүмектерінен тамшы тамбайтындай етіп бекітіп, бұзылған жағдайда тезірек жөндеуге тырысу қажет. Сондай-ақ құрғатып, кептірілген ыдыс-аяқтар да тарақандарға өмір сыйлайтын судан ішуге мүмкіндік қалдырмайды.

Салақтық – тарақандардың жан досы. Тарақандармен күресудің ең бір басты жолы – үй тазалығы. Өміршең келетін тарақандардың ұзақ уақыт тамақсыз, ассыз өмір сүруге бейім екенін білеміз. Тазалық сақталған үйден ештеңе таппаған тарақандарда Сіз сепкен улы тағамды жегеннен басқа азық қалмайды. Сондай-ақ тарақандар түрлі-түсті көзді алдандыратын улы тағамдарға тез үймелейді. Ал олардың ары қарай тез жойылып кетуі үшін табиғат өзі көмектеседі. Себебі, тарақандар тышқандар секілді ұзақ уақыт есте сақтау қабілетіне ие емес. Ол бір жеген улы тамаққа қайта айналып келе береді әрі өз балаларына да сол тағамның бөлігін тасып береді.

Қабырға мен еден арасындағы тесік-саңылаулар. Тарақан секілді зиянды жәндіктер пайда болмас үшін, үй ішіндегі тесіктер, әсіресе еден ернеуі, түсқағаз арасындағы ашылған саңылау жерлер т.б жерлерді түгелдей жапсырып, бекітіп тастау керек.


Тарақандардан ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?

Бор қышқылы – тарақандардан құтылудың адам мен үй жануарлары үшін зиянсыз түрі. Бор қышқылы кеңінен танымал, кез-келген дәріханалардан табу қиындық туғызбайды және көп те қаражатты қажет етпейді. Бор қышқылын тарақандар көп шоғырланады деген аймақтарға қолдану керек. Қышқылды басып өткен тарақандар бірден өле қоймайды және оған дейін тағы бірнеше тұқымдастарына жұқтырып үлгереді.

Сонымен бірге, тағы бір кеңінен қолданылатын тәсіл – тарақандарға арналған улы тағам. Тағамның негізгі құрамы бор қышқылы және қайнатылған жұмыртқа немесе картоп. Бор қышқылы мен жұмыртқа немесе картопты езіп араластырып, (кішкене май қосып жіберсе тіпті жақсы) ұсақ шар тәрізді домалақтар жасап, қуыс-қуыстарға қою керек. Бұл әрекетті түнде жасаған дұрыс. Себебі тарақандар түнде жорыққа көбірек шығады.

Қолдан жасалған тұзақтар. Егер үйде жабысқақ таспа (скотч) және шыны құты (банка) болса, тарақан жоятын арнайы құралдар сатып алып ақша шығындаудың қажеті шамалы.


  • Бірінші кезекте жабысқақ таспаны алып, тарақандар шығады деген тұстарға (жұмыс жасауға кедергі келтірмейтін аймақтарға) жабысатын бетін жоғары қарата отырып тарқатып шығамыз. Тарақандар көбірек жабысу үшін бір-екі жерінен хош иісті бал немесе тосап тамызып қойған жөн.

  • Егер қолда жабысқақ таспа болмаса, кәдімгі картон қағаздарды пайдаға асыруға болады. Ол үшін картон қағаздың бетіне кебуі ұзақ уақыт алатын желім құю керек.

  • Тағы бір тамаша тұзақ ретінде шыны құтыны пайдалануға болады. Беті ашық шыны құтының ішін майлап, түбіне жәндіктерді шақыратын алдамшы тамақ салған жөн. Мұндай тағам ретінде көбіне жаңа туралған пияз жарайды. Оның өткір иісі тарақандарды көптеп шақырды.

Тарақандардан құтылудың қызықты, ерекше тәсілдері бар

Герань гүлі – мұндай гүлден бөлінетін айрықша иіс тарақандарға жақпайды. Сондықтан мұндай гүлді алған немесе үйде болған жағдайда бірден тарақандар көбейген бөлмеге ауыстыру қажет немесе әр бөлмеге жетерлік етіп гүлді көбейту керек.

Сондай-ақ мұндай жәндіктер лимон иісіне де жоламайды. Асханада үнемі кесулі лимон болса тіпті жақсы.

Кеңестеріміз кәделеріңізге жарасын!


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ