ТҮНДЕ де ТАЗА АУА "шығаратын" БӨЛМЕ ГҮЛДЕРІ

0
17 250

Кейбір бөлме гүлдері түнде оттегін қарқынды түрде бөледі және ауадағы зиянды бактерияларды жойып, күйзелістен шығуға да жәрдемдеседі.


ТҮНДЕ де ТАЗА АУА

Бөлме гүлдері тек әдеміліктің символы ғана емес, олар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп, тұрған орнына жайлылық сыйлайтын қасиетке де ие. Дегенмен өсімдіктердің басым бөлігі оттегін күндіз бөліп, ал қараңғы мезгілде керісінше "дем алып" айналасына көмірқышқыл газын шығарады. Ал мына төменде жазылған бөлме гүлдері күндіз түні оттегі бөлуін тоқтатпайды.


КАЛАНХОЕ ГҮЛІ

Каланхое - халық арасында "үй дәрігері" немесе "өмір гүлі" деген атқа ие. Себебі бұл гүлдің шырынды жапырақтары емдік мақсатта пайдаланылады. Каланхое гүлі оттекті жарықта қалай шығарса, қараңғы мезгілде де сол белсенділігін жоғалтпайды. Оған қоса бұл гүлдің күйзелістен шығуға да жәрдемші екенін біле жүріңіздер.

Каланхоэ өте оңай көбейтілетін бөлме өсімдігіне жатады. Жапырақтан, қалемше арқылы және жанама өскіндері арқылы көбейтуге, өсіруге болады. Гүлді күн көзі мол түсетін жерге қойып, топырағын құрғатпай суғарып тұру қажет. Мол түрлі-түсті гүлдері үйдің сәнін келтіріп, көңілге қуаныш сыйлайды және бөлмеде үнемі таза ауа айналымы болады.


БЕНДЖАМИН ФИКУСЫ

Фикус – ең көп таралған бөлме гүлдерінің бірі. Оның 2000-ға жуық түрі бар. Фикус - көп күйді талғамайтын өсімдік, оттегінің нағыз қайнар көзі. Оған қоса жасыл ағаш өсімдік жатын бөлменің сәнін келтіреді. Бастысы мол күн сәулесі және уақтылы суғарып тұру.



АЛОЭ ВЕРА

Алоэ гүлі алдыңғы екі өсімдік секілді өте тартымды, сәнді емес, бірақ өте ерекше. Оның шырыны көптеген ауруларға ем, әсіресе тері аурулары үшін. Алоэ гүлінің тағы бір ерекшелігі - ол оттегіні өте көп бөледі және ауадағы микробтарды залалсыздандыруға қауқарлы.

Алоэ гүлін шаң-тозаңды тез тартатын жұмсақ жиһаздардың жанына қойған дұрыс. Ол ауадағы барлық зиянды зааттарды өзіне тартып алады.



САНСЕВИЕРИЯ

Сансевиерия гүлінің көптеген түрлері бар. Халық арасындағы нашар атауына қарамастан, өсімдіктің адам үшін пайдасы өте көп. Бұл гүл адам ағзасының белгілі бір климатқа бейімделуіне көмектеседі және иммунитетті күшейтеді. Сондай-ақ, бөлмедегі ауа қысымын және ылғалдылықты реттеп отырады. Бөлмеде төселген линолеум жабынынан бөлінетін уытты заттарды жоятын қабілеті де бар. Сансевиерия - тұмау тиюден қорғайтын қасиетке ие.

Бұл бөлме гүлі аса бір күтімді қажет етпейді, жарық таңдамайды, күн көзінде де, көлеңкеде де өсе береді.




ОРХИДЕЯ

Орхидея - үйдің сәнін келтіретін өсімдік. Өзінің нәзіктігіне қарамастан өте мол және күндіз-түні оттегін бөлуге қауқарлы. Әсіресе қараңғы мезгілде жақсы бөледі. Гүл егілген ыдысты жатын кереуеттің жанына қойған жөн. Сонда ұйқыңыз тыныш, жайлы болады.

Орхидея – ерекше күтімді, баптауды қажет ететін гүл. Бірақ ол соған тұрарлық.


ЗИГОКАКТУС (декабрист)

Зигокактус - көпшілік арасында декабрист аталып кеткен. Бұл гүл кактус гүлдері отбасына жатқанымен, оның ешқандай тікенегі жоқ, бірақ керемет көз тартар, үйдің сәнін келтірер мол гүлі бар. Аталған өсімдік те оттегіні өте көп мөлшерде, қараңғы мезгілде де молынан бөледі.

Бұл гүл аса көп күтімді талап етпейді. Жарық бөлме, уақтылы суғарып тұру, бар болғаны осы.




ҚАЗТАМАҚ (герань)

Қазтамақ гүлі - табиғи ауатазартқыш болып саналады. Өте әдемі, сәнді гүлдері және көп күй талғамайтындықтан көпшіліктің сүйікті гүлі деуге де болады.Қазтамақ гүлінің жапырақтары хош иіс бөледі және емдік қасиетке ие. Ауаны тазарту қасиеті де өте жоғары. Ол ауадағы зиянды микробтарды, стафилакокк бактерияларын жоюға қауқарлы өсімдік. Бір "әттеген-ай" дейтіні гүлдің өзіндік хош иісі барлық адамға бірдей жақпауы мүмкін.

Қазтамақ тез өсетін, аса құнарлы топырақты қажет етпейтін, оңай көбейтілетін, күтімі жеңіл өсімдік. Оны тіпті аулаға егіп қоюға да болады.




АРЕКА ПАЛЬМАсы

Пальма отбасына жататын өсімдіктер көп ретте аурухана дәліздері мен емханалардың сәнін келтіріп тұрады. бұл кездейсоқтық емес. Себебі ағаш тектес жасыл гүл тек сәнді ғана емес, сонымен бірге көмірқышқыл газын сіңіріп, қай уақытта болмасын молынан оттегі бөлетін өсімдіктер қатарына жатады.Тропикалық өсімдіктің жалпақ жапырақтары ауадағы зиянды микробтарды жойып, бөлменің ылғалдылығын реттеп тұрады.

Бұл өсімдіктік үй ішінде де жақсы өседі. Тек жарық мол түсетін жер мен тазартылған немесе жаңбыр суымен суғарылса болғаны.

ГЕРБЕРА (күлшегүл)

Гербера гүлін кейде күлшегүл деп те атап жатады. Бірақ түймедақ гүліне ұқсас өсімдікті көп ретте сыртқа, аулаға егіп жатады. Алайда бұл гүлді бөлмеде өсіруге болады, тек біраз күтім мен жақсы топырақты қажет етеді. Түнгі уақытта гербера гүлі көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, орнына мол оттегі бөледі. Сондықтан мұндай гүл өсіп тұрған жерде өте жайлы ұйықтауға болады.

Бөлме гүлдерін өсіріп, күтіп-баптасаңыз, ол сіздің жаныңызға жайлылық, үйіңізге таза ауа мен сән сыйлайды.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!

Тағы оқыңыз: ШӘУГІМНІҢ қағын КАРТОПТЫҢ ҚАБЫҒЫ жақсы тазартады

Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ.