ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: теңізде «тұрсаңыз», қандай тұрғын болар едіңіз?

0
2 804

Жай ғана қызық үшін...


ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: теңізде «тұрсаңыз», қандай тұрғын болар едіңіз?

«Егер мен ... болғанда...» деп қиялға берілетін кез әркімде-ақ болады. Қызық, дүниеге адам емес, басқа тіршілік иесі боп келгенде, күйіміз қандай болар еді? Мәселен, су астында тіршілік етуге жаралсаңыз...


ТОҚТЫ – АКУЛА

Әрқашан тек алға жылжитын, жолындағының бәрін жайпап кетуге дайын алып күш иесі. Тойымсыз жыртқыш. Кез келген уақытта тап беріп шабуылдауға дайын тұрады. Түйсікпен жұмыс істейді және ұсақ-түйек жемтіктерге пысқырып та қарамайды, оларға үлкен олжа керек. Мұндай қасиеттер Тоқтылардың да бойынан байқалады. Сондықтан, астрологтар белгі иелерін акулаға ұқсатады екен.


ТОРПАҚ – КИТ

Ойын, сезімін жақсы жасыра алады. Сырт көзге қауіпті, қорқынышты болып көрінгенімен, өзін түртпектемегенге зияны жоқ, «сен тимесең, мен тиме». Су астында бірқалыпты, тыныш, сүреңсіз өмірін өзімен-өзі сүріп жүре береді. Тек арасында ғана судан басын шығарып, таза ауаны бір жұтып алса, сол жеткілікті. Киттерге де, Торпақтарға да ортақ сипат осындай.


ЕГІЗДЕР – ЖЫЛАНБАЛЫҚ

Ширақ, епті, кез келген қысылтаяңнан қысылмай өтіп кете алатын жыланбалықтың көп қасиеті Егіздерге ұқсайды. Белгі иелері де жағдайға тез бейімделіп, көпшіліктің тілін оңай табады. Тіпті көңіл-күйлерінің, мінездерінің құбылмалылығына дейін ұқсайды.


ШАЯН – МИДИЯ

Суды ластанудан сақтайтын мидиялар – жаратылыс үшін орасан пайдалы тіршілік иесі. Адамша сипаттайтын болсақ, ертеңін ойлап қор жинайтын үнемшіл, тұрғылықты жерін барынша жайлы ететін шаруақор, тапқанын үйіне таситын пысық деуге болады. Айналасындағы сұлулық пен шаттықты аса байқамай, үнемі көңілі бірнәрсеге алаң болатынын да айта кету керек. Ешкімді кіргізбейтін жеке әлеміне жиі жалғыз еніп кетеді. Шаян белгісінде туғандар да тура осындай.


АРЫСТАН – МЕДУЗА

Әдетте медузалардың сырт көрінісі ашық-жарқын болып келеді. Өздері алуан түске түрленгенді, жарқырап көзге түскенді жақсы көреді. Су астындағы басқа да шақпа тілді, тікенді тіршілік иелері сияқты бір басына жетерлік мінезі бар. Қызуқанды, тиіскенді аямайды. Тап адамдар арасындағы Арыстандар секілді.


БИКЕШ – КАМБАЛА

Камбала – айналасындағы заттардың түсі мен формасына сәйкес құбылып, шебер жасырына алатын балық. Осыған қарап астрологтар Бикештерге ұқсатады. Себебі, көпшілік арасына тез сіңіп, көзге түспей, барлаушы, тыңшы, ақпарат жинаушы қызметін ең жақсы атқаратындар осы белгі иелері екен. Өзі көлеңкеде қалып, көргені мен естігенін мықты талдап-саралау, жадында сақтап, қаз-қалпында жеткізу олар үшін оп-оңай.


ТАРАЗЫ – ТЕҢІЗ ЖҰЛДЫЗЫ

Теңіз жұлдызы – еш зиянсыз тіршілік иесі көрінгенімен, нағыз жыртқыш. Әсіресе, сырт келбетімен арбап, алдап түсірудің хас шебері. Осы қабілетін жетілдіре түсу үшін сырт көрінісін үнемі сұлуландыра түсу үстінде болады. Жемтігін торға түсірмес бұрын жақсылап жоспар құрып, «Жеті рет өлшеп, бір рет кеседі». Таразы белгісін таныдыңыз ба?


САРЫШАЯН – БӨРІБАЛЫҚ

Қатыгез жыртқыш, аяқ тартып, қорқуға тұрарлық жаулардың бірі. Суасты әлемінің ең терең, ең қараңғы, ең қауіпті аймақтарында салтанат құрады. Арасында тіршілік тылсымдары,тағдырдың сыйы мен сынағы туралы философиялық ойлар өрбіткенді жақсы көреді. Қарсы алдындағы жан иесінің ойын көзінен оқып, ниетін айтқызбай түсінетін қабілеті бар.


МЕРГЕН – ТҰТАСҚАНАТ

Жолында кездескен қиындықтар қандай алынбас қамал болса да, жойқын құйрығымен бір соғып, жойып жібере алатын күшке ие. Әдемі өмір, қызықты оқиғалар, ойын-сауық пен саяхатты жақсы көреді. Жайшылықта жайдары, бәрімен тату-тәтті, ешкімге қастығы да қиянаты да жоқ. Алайда, қауіп төніп, зәбір көрген жағдайда, есесін еш кем қалмай қайтара алады. Мерген белгісі мен тұтасқанатқа ортақ сипат осы.


ТАУЕШКІ – АТ БАЛЫҚ

Еңбекқор, төзімді тіршілік иесі. Керемет идеялары көп, жақсы жоспарлай алады және оларды жүзеге асыруда да шебер. Сезімдерін, эмоциясын өзгелерден жасырын ұстағанды жөн көреді. Тауешкілердің де іскер, епті, еңбекті адамы екені, эмоцияға, сезімге сараңдығы бұрыннан белгілі.


СУҚҰЙҒЫШ – МАРЖАН БАЛЫҚ

Суасты әлемінің әшекейі маржан-балықтар – бейбіт, мамыражай тұрғындар. Өздеріне ешкім тиіспегенге дейін тыныш. Біреу мазасын алып, шекарасын бұзса, қалай қорғану керегін біледі. Суқұйғыш белгісіндегілерге ең ұқсас тұсы осы.


БАЛЫҚТАР – ДЕЛЬФИН

Теңіздің ең мейірімді, өзгелерге қамқор, саналы да сауатты тұрғыны. Құдды бір осы әлемге әлсізге қорған болып, мұқтаждың қолтығынан сүйеу үшін келгендей. Интуициясы жақсы дамыған, жағдайды алдын-ала сезетін қасиеті бар. Өнерге, шығармашылыққа өте жақын. Астрологтар Балықтар белгісі мен дельфиндердің ортақ қасиеті деп осыларды атайды.

Аударған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ерлі-зайыптыларға арналған: туған күндеріңіздің сандары тура келе ме?