Қырғызстан президенті журналистердің жаппай ұсталуына қатысты пікір білдірді

0
1 032

17 қаңтарда Бішкекте Бірінші Май аудандық сотының тергеу судьясы шешім шығарып, 11 БАҚ өкілін екі айға қамады.


Қырғызстан президенті журналистердің жаппай ұсталуына қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Қырғызстанда сөз бостандығы болған, бар және болады. Әрине, БАҚ саласын реттейтін заңдарды, ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті сақтау керек. Бұл туралы жақында интернет-редакциялар тілшілерінің жаппай ұсталуына қатысты пікір білдірген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп жазады inform.kz.

Садыр Жапаров елде сөз бостандығын шектеу немесе қысым көрсету әрекеттерінің жоқтығын баса айтты.

Оның пікірінше, БАҚ саласын реттейтін заңдарды және ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті сақтау қажет.

«Бүгінде қоғамдық пікірді дәстүрлі журналистикамен бәсекелесетін әлеуметтік желілер арқылы қалыптастыру үйреншікті жағдайға айналды. Мұндай жағдайда журналист болсын, блогер болсын, әрбір азамат қоғамға пайдасын тигізумен қатар, әрбір таратқан сөзі үшін жауапты екенін түсінуі керек. Біз сапалы журналистік зерттеуді қолдаймыз. Бірақ көп жағдайда блогерлер фактілерді бұрмалап, түймедейді түйедей етеді, айла-шарғы жасап, қоғамды адастырумен айналысады. Олардың материалдары болжалмен емес, фактілермен дәлелденуі керек, олар қауесет емес, ақпарат алып жүруі керек», — деді С.Жапаров.

Ол сондай-ақ бүгінгі аумалы-төкпелі заманда сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүретінін айтты.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде дамыған демократиялық елдер сөз бостандығын саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланып, қоғамды тұрақсыздандырушыларға қатысты шектеулер енгізіп жатыр.

«Осыған байланысты біз алдын алу шараларын қабылдауға мәжбүрміз, өйткені бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты», - деді С.Жапаров.

Ұсталғандарға қатысты жағдайға тоқталған Мемлекет басшысы қамауға алынған 11 адам кәсіби журналист емес, әлеуметтік желілерді пайдаланып, түрлі ақпарат, соның ішінде елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақпаратты жауапсыз жариялайтын блогер екенін атап өтті.

«Кез келген құқықтық мемлекеттегідей Қырғыз Республикасында заң алдында жауапкершілік бар. Осыған орай, ақпараттың сенімділігі үшін әрбір адам, ең алдымен өзін журналист, блогер санайтындар жауапты болуы керек. Жекелеген блогерлер мен белсенділердің ашық өтірік, жалған ақпарат таратқанына талай рет куә болдық. Аймақтық, діни және ұлттық араздықты әдейі немесе білмей қоздыру, сондай-ақ Конституцияға қайшы және тәртіпсіздіктерге шақыру әрекеттері жиі болды», - деді ол.

Садыр Жапаровтың хабарлауынша, kloop.media, «Meдиахаб», kaktus.media, «ПолитКлиника», factcheck.kg, T-Media және басқа да бірқатар ақпарат агенттігі жыл сайын шетелдік донорлардан 600 мың АҚШ долларынан астам грант, яғни қаражат алады.

Оның айтуынша, жалпы алғанда, 2017-2020 жылдар аралығында Демократияны қолдау ұлттық қоры қырғыз үкіметтік емес ұйымдарының өкілдеріне, журналистер мен блогерлерге 8 471 614 доллар аударған.

«Бұл грант сөз бостандығы, БАҚ-қа қолдау көрсету, тәуелсіз журналистиканы дамыту жобалары аясында бөлініп отырғанын түсінеміз. Алайда іс жүзінде тиісті гранттық қаражат өз мақсатына игерілмей жатыр. Үкіметті, мемлекеттік саясатты қаралау, қоғамды үгіттеу, Конституцияға қарсы үндеу жасау, жалпыұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жалған ақпарат тарату саясаты жүргізілуде», - деп түсіндірді президент.

Садыр Жапаров қоғамдағы пікір плюрализмін жақтап, мемлекеттің ыдырауына, яғни жауапкершіліксіз бостандыққа қарсы екенін айтты.

Оның пікірінше, бостандық Қырғызстанның мүддесін қорғауы керек.

Еске сала кетсек, 17 қаңтарда Бішкекте Бірінші Май аудандық сотының тергеу судьясы шешім шығарып, 11 БАҚ өкілін екі айға қамады. Олар ел астанасындағы № 1 тергеу изоляторында болады.