Ресейдегі гимназияда атысқа буллинг себеп болуы мүмкін

0
486

Бейсенбі күні 8 «А» сыныбының оқушысы мектепке бытыралы мылтық әкеліп, сыныптастарына оқ жаудырған.


Ресейдегі гимназияда атысқа буллинг себеп болуы мүмкін

ERNUR.KZ. Брянск гимназиясында оқ жаудырған 8 сынып оқушысы бұған дейін сыныптастары тарапынан қысым көруі мүмкін. Тергеу бұны қылмыстың негізгі себептерінің бірі ретінде қарастырып отыр, деп жазады inform.kz.

РФ Тергеу комитетінің хабарлауынша, бейсенбі күні 8 «А» сыныбының оқушысы мектепке бытыралы мылтық әкеліп, сыныптастарына оқ жаудырған.

Белгілі болғандай, 14 жастағы Алина сыныбына биология сабағы басталғанда, сағат 09:01-де кірді. Ол бес сыныптасын жарақаттап үлгерді. Куәгерлердің айтуынша, әуелі төрт-бес атыстың үні естіліп, содан кейін оқушыларды мектептен шығара бастады, тағы бір бөлігі ғимарат ішінде жасырынды.

«Оқушылардың бірі гимназия ғимаратына қару әкеліп, одан бірнеше рет оқ атты, салдарынан бес адам зардап шекті. Одан кейін бойжеткен өзін-өзі өлтірді. Жарақат алған сыныптас қыздардың бірі де қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - делінген ІІМ Брянск облысы бойынша басқармасы таратқан мәлімдемеде.

Тергеу органдары РФ Қылмыстық кодексі 105-бабының 2-бөлімі бойынша іс қозғады.
Параллель сынып оқушыларының айтуынша, оқушы қыз сыныптастарының, көбіне ұлдар тарапынан буллингке ұшыраған. Тергеу нұсқасы бойынша, оның қылмысқа баруының негізгі себебі осы болуы мүмкін.

Ол тегіс оқпанды «Бекас-3» мылтығын қағазға арналған тубусқа салып әкелген. Мектепте металл іздегіш құрал орнатылмаған. Бұдан басқа, ол аяқ киіміне аңшылық пышақ жасырып әкелген. Қару ресми түрде әкесінің атына тіркелген, ер адам жауап алу үшін бөлімшеге жеткізілді.

РФ Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Алексей Кузнецовтің БАҚ-қа хабарлауынша, жалпы бес адам жарақат алып, екі адам мерт болды. Жарақ алғандардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр.

Брянск облысының прокуратурасы атысқа байланысты қарудың айналымы мен сақталуына қатысты заңнаманы тексеруді ұйымдастырды.

Тексеру барысында жауапты қызметкерлер мен қолданылған қару иесінің әрекеті бағаланады.
Брянск мектептерінде оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз жағдай қалай қамтамасыз етілетіні, оның ішінде қауіпсіздікті ұйымдастыру және мектепке кіргізу ережелерін қалай сақталатыны тексеріледі.

Еске сала кетсек, бүгін Ресейдің Брянск қаласында 8 сынып оқушысы қарудан оқ жаудырды.