Ресейлік журналист Украинадағы соғыс жайлы жазбасы үшін 6 жылға сотталды

0
514

Сот Мария Пономаренкоға бес жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды.


Ресейлік журналист Украинадағы соғыс жайлы жазбасы үшін 6 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Барнауыл соты журналист Мария Пономаренконы Ресей армиясы туралы "қауесет" таратқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады ulysmedia.kz.

RusNews-тің жазуынша, сондай-ақ, сот Мария Пономаренкоға бес жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды.

Пономаренко 2022 жылдың сәуірінде ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, наурыз айының ортасында ол Telegram-да "жалған ақпарат" жариялады. Ол Ресей әскери күштері Мариупольдегі драма театрына әуе шабуылын жасады деп жазған. Журналист ресми ақпарат көздері, соның ішінде Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарғанын біле тұра көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталды.

Тергеу изоляторында журналист психикалық жағдайының нашарлауына шағымданып, тамырларын кескенін айтты. 2022 жылдың қарашасында Пономаренко үйқамаққа ауыстырылып, бұрынғы күйеуінің пәтерінде болды. Қаңтар айының соңында журналист қайтадан түрмеге жіберілді, бұған бұрынғы жұбайымен ұрысып, үйден кетуі себеп болған.

Пономаренко соңғы сөзінде өзін қылмыскер деп санамайтынын айтты.

"Егер соғыс емес, "арнайы операция" болса, маған қандай негізде әскери цензура қолданылады? (Ресей билігі Украинаға басып кіруді соғыс деп атауға тыйым салады)", – деді ол.