Көңілден шықпаған тауарды 14 күнде кері қайтаруға болады

0
3 387

Сатып алған тауарыңыз сапасыз болып, көңіліңізден шықпаса не істейсіз? "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңға сәйкес өз құқығыңызды қорғайсыз ба? Әлде, қолды бір сермейсіз бе? Бұл жөнінде мамандардың айтары бар.


Көңілден шықпаған тауарды 14 күнде кері қайтаруға болады

Қоғамда сатып алған тауырына көңілі толмай, қайта өткізіп немесе оны ауыстыру жағдайлары кездесіп жатады. Ал, керісінше, кейбір тұтынушы құқығы тапталған кезде қалай және қандай қызметке жүгінерін білмейді немесе салғырттық қарап, істі соңына дейін жеткізбейді.


Мамандардың айтуынша, 2019 жылы отандастарымыздың 60%-ға жуығы сапасыз тауар сатып алу және қызмет көрсету жағдайында өзінің тұтыну құқығын қорғауға тырыспаған. Сатып алған затына көңілі толмаған жандардың шағымын сотқа дейін шешкендер небәрі 14%-ды құраса, 4%-ы ғана сотқа жүгінген, 24%-ы түрлі мемлекеттік құрылымдардан көмек сұраған екен.


Тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын арнайы компаниялар бар. Солардың бірі, мәселен, Шымкент қаласындағы «Дулат» тұтынушылар құқығын қорғау компаниясы.

Бұл компания Шымқала тұрғындарына осы тұрғыда қандай да бір мәселе туындаса, Заң жүзінде мәселесін шешуге көмектеседі. Компания төрағасы Газыбай Ешовтың айтуынша, 2019 жылы сатып алған тауарына көңілі толмай арыз жазғандардың саны 105-ке жеткен екен.

Оның 23-і сапасыз киім-кешек, 8 - тұрмыстық техника, 11 - байланыс телефондары, 8 - жиһаз, 14 - интернет дүкені, 25 - медициналық қызмет көрсету орталықтары, 4 - әсемдік салоны, 5 - азық-түлік, 7 – коммуналдық қызметтерге наразылықтан туындаған. Ал 39 арыз сот бойынша қаралып, 3-еуі медиациямен шешімін тапқан.


Жалпы тұтынушы сатып алған кез-келген затынан не тауарынан кемшілік тапса не көңілінен шықпаған болса, оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқы бар.


«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңға 2018 жылдың сәуір айында енген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сатып алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде көңіліңізден шықпаған тауарды ауыстыруға немесе ақшалай соманы сатушыдан қайтарып алуға болады. Бұл Заңның 30-бабында нақты көрсетілген. 30 күнде қайтарып беруге болатын тауарлар қандай дейсіз ғой?

Жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзылып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуы-сақталмауына қарамастан сатылған тауарды сатушы мен өндіруші қайтып алуға міндетті. Мысалы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді байқамай сатып алсаңыз, қайтарып беруге отыз күн берілген. Жарамдылық мерзімі бірінші желтоқсанға дейін болса, сіз тауарды үшінші желтоқсан күні алдыңыз делік, бірақ оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін екі аптадан кейін көрсеңіз қайтарып беруіңізге болады.


Сапасыз тауарды қайтара алмасаңыз қайда шағымданасыз?

Иә, бұл тұрғыда Заңды білуде сауаттылық қажет-ақ. Өйткені, сауда орындарынан белгілі бір затты сатып аларда, көп тұтынушы білінбес қателіктерге бой алдырып жатады. Сонымен, сатушы сіз алып барған өз тауарын қайта ауыстыруға немесе қайта алуға қарсы болса не істейсіз?

"Біріншіден, сатушының аты-жөнін біліп алыңыз. Мұнан соң, сотқа дейінгі кінә қою хаты жазылады. Онда сіздің неліктен тауарға көңіліңіздің толмайтындығы және себебі толығымен жазылады. Бұл кінә қою хаты жазылған соң сатушыға 10 күн уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында сатушыдан қандай да бір жауап келмесе, істі сот қарайтын болады. Ол үшін сіздің тауарды сатып алғандығыңызды дәлелдейтін түбіртек немесе куәгер болуы тиіс", - дейді «Дулат» тұтынушылар құқығын қорғау компаниясының директоры.

Мұнан өзге мемлекеттік органдарға да жүгінуге болады. Мәселен, Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, өз шағымыңызды айта аласыз. Немесе «Дулат» тұтынушылар құқығын қорғау компаниясы секілді ұйымдардың қызметіне жүгіне аласыз.


Заң рұқсат берді екен деп, сатып алған тауарыңызды негізсіз өткізе салуға асықпаңыз. Оның да өзіндік талаптары бар.


Қандай тауарлар қайтарылмайды?

Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, ішкиімдер, шұлықтар, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар - осы аталған тауарлардан басқасының барлығын, егер көңіліңіз толмаса немесе сапасыз болып шықса, қайта өткізуге құқылысыз.

Қашан да құқығыңызды қорғайтын Заңдардан барынша хабардар болып жүріңіз. Мамандар да соны кеңес береді. Өйткені, Заң тұрақты емес, ылғи өзгерістерге еніп тұрады. Күнделікті тұрмыстық жағдайда мұндай мәселеге кезіге қалсаңыз еш мүдірместен, қандай мекеменің қызметіне жүгініп және қандай іс-әрекетке бару қажеттілігін біліп тұрасыз.

Тоғжан Бауыржанқызы,

ERNUR.KZ