Көлік кондиционері ЖИІ БҰЗЫЛА МА? Оның себебі...

0
4 768

​Алдымызда кондиционері жоқ көлікке мінгіміз келмейтін жаз мезгілі келе жатыр.


Көлік кондиционері ЖИІ БҰЗЫЛА МА? Оның себебі...

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жазда көлік кондиционері кез келген жүргізушіге рахат сыйлайтындықтан күнделікті белсенді түрде қолданады. Бірақ, оның ақауын кез келген көлік иесі біле бермейді. Сол себепті салқындатқыш ақауының алдын алу, зақымдалған жағдайда оны қалай жөндеу және автосервистегі шеберлер кондиционерді қанша қаржыға жөндейтінін біліп жүрген дұрыс.

Егер көлігіңізге бағасы арзан кондиционер орнатсаңыз, бұзылуы да жиі орын алады. Ал, жалпы кондиционерлердің бұзылуының негізгі себептері мыналар:

Конденсатордың ластануы немесе бұзылуы;

• Кондиционер компрессорының бұзылуы;

• Қысым сенсорының бұзылуы;

• Термореттегіш вентильдің зақымдануы;

• Буландырғыштың зақымдануы;

• Сүзгілердін бітелуі.


ЕНДІ БҰЗЫЛУ СЕБЕПТЕРІНЕ ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ТОҚТАЛАЙЫҚ

Конденсатордың ластануы немесе бұзылуы

Конденсатор сұйықтықты салқындатуға жауап береді және жүйеге жеткізілетін ауаның температурасын төмендетеді. Яғни ол кондиционерге кірген ыстық ауаны салқындатып шығару қызметін атқарады. Ал, конденсатор ластануы оның жұмысына кері әсер етіп, салқындату процесі тоқтайды. Соның салдарынан кондиционер автоматты түрде өшеді.

Кондиционер компрессорының ақауы

Автокөліктегі кондиционердің дұрыс жұмыс істемеуінің тағы бір негізгі себебі компрессордың бұзылуымен байланысты болады. Ол ақаудың белгілері – кондиционер аймағынан шығатын шулы дыбыс пен артық май тамшылары. Яғни, фреон деп аталатын сұйықтық ағып кетсе, кондиционер дұрыс жұмыс істемей, салқындату процесі әлсірейді. Бұл автокөлік кондиционерінің бөлшектерінің тозуына, электр желісінің дұрыс жұмыс істемеуіне, басқа да бөлшектердің сырттай зақымдалуына және ластануына ұшыратады. Ол ақаудың пайда болуына негізгі себеп – коррозия. Дәл осы коррозияның кесірінен кондиционер бөлшектері тотығып, фреонның ағуы орын алады. Соның салдарынан салқындатқыш сұйықтықтың жетіспеушілігіне тап болған кондиционер жұмысын тоқтатады. Ал, ол сұйықтықтың қай жерден ағып жатқанын автосервистерге барып, диагностика жасату арқылы анықтай аламыз.

Қысым датчигінің бұзылуы

Қысым датчигі салқындату жүйесінің толықтай қысымына жауап береді. Егер ол кенеттен істен шықса, сенсор кондиционер жүйесін толықтай істен шығарады. Оның істен шығуына ластану, электр тізбегінің зақымдануы және сыртқы әсерлер себеп болуы мүмкін. Бұл бөлшектің жұмысын автосервистегі диагностика арқылы тексеруге болады.


Термореттегіш вентиль

Термореттегіш клапан кондиционер жүйесіне белгіленген температура мен қысымға сәйкес фреон жеткізу қызметін атқарады. Ал, бұл жұмыс бөлігінде ақау пайда болуын кондиционердің жұмысына сүйене отырып түсінуге болады. Атап айтсақ, салқындатқыштың жиі-жиі өшіп қалуы және құрылғының ауаны салқындата алмауы термореттегіштің бұзылғанынан хабар береді.

Буландырғыштың зақымдануы

Буландырғыштың дұрыс жұмыс істемеуі коррозиядан, сұйықтық ағатын құбырдың бітелуінен және оқыс оқиғалардан пайда болатын механикалық зақымданудан туындауы мүмкін. Салоннан жағымсыз иіс шығуы, фреонның ағуы және кондиционер жұмысынның нашарлауы оның дұрыс жұмыс істемей тұрғанын білдіреді.

Сүзгілердің бітелуі

Кез келген кондиционерді суық және жылы ауа ағынымен қамтамасыз ететін сүзгі жүйесі бар. Олар сұйықтықты тазартады және жүйедегі ылғалды жояды. Сондықтан сүзгілердің толып қалуы автокөліктегі кондиционердің дұрыс жұмыс істемеуіне себеп болады. Сүзгі толса, бастапқыда жұмыс өнімділігі жәймен төмендейді, содан кейін толықтай істен шығады. Кондиционердің фреонын толтырғаннан кейін сүзгілердің жағдайына аса мән беру маңызды.

Көлік кондиционерінің жұмысынан бұзылу белгілерін анықтағаннан кейін, диагноз қою, жанармай құю немесе жөндеу үшін арнайы автосервис шеберлерінің қызметіне уақтылы жүгіну керек. Ақау уақытында түзелсе, сол уақыттағыға қарағанда артық мәселе де, артық уақыт пен қаржы шығыны да туындай қоймайды. Ал, автосервистегі кондиционерді жөндеу бағасы орындалатын жұмыстардың саны мен күрделілігіне байланысты болады.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


АВТОКӨЛІК: салондағы ИІСТЕР өміріңізге ҚАУІП төндіреді


Көліктің ҚАНША шақырым жол жүргенін ОҢАЙ АНЫҚТАЙ аласыз