АВТОКӨЛІК: салондағы ИІСТЕР өміріңізге ҚАУІП төндіреді

0
6 475

Олармен қалай күресуге болады?


АВТОКӨЛІК: салондағы ИІСТЕР өміріңізге ҚАУІП төндіреді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көлік салонынан жағымсыз иіс шықса, демек бір нәрсе дұрыс емес. Көбіне ондай иістер бір заттың күюінен пайда болады. Бірақ, барлығы емес. Осы мақалада сол жағымсыз иістер жайында сөз қозғаймыз.


Бензин иісі өміріңізге қауіпті

Көлік салонынан ең көп шығатын жағымсыз иіс – бензиннің иісі. Негізінде бензин иісі пайда болатын көптеген көздер бар. Дегенмен олардың кейбіреулері сирек орын алады. Ал, ең жиі иіс шығаратын көптеген көліктің артқы орындығының астында тұратын жанармай сорғысы. Сорғыдан иіс шығуына негізгі себеп – иісті шығармай тұратын резеңкенің тозуы. Ол өзінің қасиеттерін жоғалта бастағанда бензин иісін бөгеу қабілетінен де айырыла береді. Бұл ақауды түзетудің жалғыз жолы бар. Ол – тығыздағышты ауыстыру.

Жиі кездесетін себептің бірі – бензобак қақпағындағы ақау. Ол жеке бөлік ретінде бакқа мықтап бекітілгенімен, уақыт өте келе ажырауы әбден мүмкін. Оның үстіне кейбір қақпақтар пластиктен жасалады. Бірақ, жанармай деңгейі төмен кезде қақпақтан иіс шыға қоймайды. Кейде жанармай құйған кезде жағымсыз иіс таралуы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай иістің шығуы бензиннің сапасына да байланысты болады. Жалпы, жанармай иісінің шығуына бұлардан да басқа көптеген себеп бар. Оларды арнайы мамандар анықтамаса, қарапайым жүргізушілерге қиынға соғады. Айта кетейік, бензиннің иісі жағымсыз ғана емес, тіпті өміріңізге қауіпті. Сондықтан ақауды жөндетіп, бензин иісінен құтылған абзал.


Көлік түтіні

Кейде көлігіңіздің түтін шығаратын бөлігі тесіліп немесе ажырап, өз тұлпарыңыздың түтініне өзіңіз тұншығып қалатын кездер болады. Бұған бейжай қарамай, дереу ақауды анықтап, түзетіп қою қажет.

Сондай-ақ, кептелісте немесе жүріп бара жатқанда артынан көк түтін шығып жүретін көліктердің артына түсіп қалсаңыз да осындай жағымсыз жағдай орын алуы мүмкін. Иістің салонға кіру кірмеуі ауа сүзгісіне байланысты. Ескі болса ауыстырып, ауыстырғанда да сапалысын салған жөн. Ал, дұрыс орнатылмаса, нықтап бекіту қажет. Өйткені, жанармай түтіні де өмір мен денсаулық үшін өте қауіпті.

Негізі түтіннің шығуы қозғалтқыштың май жеуінен пайда болады. Сол себепті, жолда басқа көлік жоқ бола тұрып, түтіннің иісі шықса, көлігіңіздің қозғалтқышын тексерініңіз.


Тәтті иіс?

Кей жүргізушілер салоннан шығатын тәтті бір иістен қауіптенбейді. Ол антифриздің иісі. Егер салоннан осындай иіс шықса, антифриз тасып, ағып кетті деген сөз. Әдетте, ол радиатордың пешінде болады.

Алдымен, антифриздің деңгейін, содан соң еденді тексеріңіз. Егер антифриздің деңгейі аз, еден дымқыл және ол антифриздің иісі болса, бірден ақауды түзетуге әрекет жасаңыз. Өйткені, антифриз ақса, пеш бірден жарылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, әйнек жиі булана беретін болады. Тәтті иістің соңы «ащы» болып кетуі әбден ықтимал.


Бір нәрсе жанып жатқан сияқты...

Жанған пластиктің иісін бәрі білетін шығар. Мұндай жағдай көлікте жиі орын алады. Мсәелен, сым қабығының, пластмас қақпақтардың еруі және т.б. Мұндай кезде бірден ақауды анықтауға кірісу қажет. Егер, ақау көліктің негізгі бөлшектерінен тыс болса, қосымша орнатылған жабдықтарды тексеру қажет.

Артық жарықшамдар орнатқанда негізгі сымның және руль астындағ контактінің еруі жиі орын алады. Ал, стартер немесе генератор сияқты агрегаттардың иісі бөлек әңгіме. Оны анықтау үшін арнайы мамандарға жүгінген абзал.


Тағы қандай иіс бар?

Көлік салонында тағы бір жағымсыз иіс болады. Ол шірік немесе көгерген жердің иісі. Қауіпсіз болғанымен, өте жағымсыз. Оның пайда болуына көптеген себеп болуы мүмкін. Мысалы, салон тазалығын қадағаламасаңыз, орындықтардың астында көрінбей жатқан заттар шіріп, жағымсыз иіс шығаруы мүмкін. Сонымен қатар, шірік иісі салонның ылғалдылығын жоғарылатуы мүмкін.

Сондай-ақ, кондиционерді қосқан кезде де жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда аталған құрылғыны тазаламасаңыз, қандай да бір ауруға шалдығуыңыз мүмкін. Өйткені, кондиционердің ластанған ауа жолында микробтар мен бактериялар өмір сүре береді.

Жалпы, көлік салонынан қандай иіс шықса да, немқұрайлы қарауға болмайды. Ол денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


КӨЛІККЕ жанармай құюдың да ҚҰПИЯСЫ бар


ӨТЕ ПАЙДАЛЫ: Тәжірибелі жүргізушілерден 4 лайфхак